73%

Компания профилі

GRI 2-1

«KEGOC» АҚ – Қазақстан Республикасының Ұлттық электр желісін басқаруды жүзеге асыратын және елдің Бірыңғай энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функцияларын орындайтын ұлттық компания. Компания Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 28 қыркүйектегі № 1188 «Қазақстан Республикасының энергетикалық жүйесін басқаруды құрылымдық қайта құру жөніндегі кейбір шаралар туралы» қаулысына сәйкес құрылды. Бастапқы мемлекеттік тіркеу күні – 1997 жылғы 11 шілде.

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қызмет атқарып, электр энергетикалық жүйенің сенімді әрі тұрақты жұмысын, электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді, сондай-ақ нарық қатысушыларының Ұлттық электр желісіне кемсітусіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

2006 жылға дейін Компания акцияларының 100 %-ы мемлекеттік меншікте болды. 2006 жылы мемлекеттік акциялар пакеті «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» акционерлік қоғамының орналастырылатын акцияларын төлеуге берілді. 2008 жылы «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ-ның бірігуі нәтижесінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрылды, ол аталған ұйымдардың құқықтық мирасқоры және «KEGOC» АҚ-ның негізгі акционері болды.

2014 жылғы 18 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» қорының еншілес және тәуелді ұйымдарының акциялар пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын іске асыру шеңберінде «KEGOC» АҚ акцияларының бастапқы жария орналастырылуы (IPO) жүзеге асырылды. Орналастыру барысында Қазақстан қор биржасында (KASE) жазылу арқылы Компанияның 25 999 999 жай акциясы өткізілді.

2023 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2021–2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру мақсатында «KEGOC» АҚ акцияларының қайталама жария орналастырылуы (SPO) өткізілді. SPO шеңберінде 15 294 118 жай акция орналастырылды. Осы орналастырудың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Компанияның жарғылық капиталындағы үлесі акциялардың жалпы санының 85 %-ын құрады, бұл ретте мемлекеттің бақылаушы акционер ретіндегі мәртебесі сақталды.