Қоршаған ортаны қорғау
2025 жылғы негізгі көрсеткіштер
Парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі (Scope 1 және Scope 2)
2 393 354
тонна СО₂-экв
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру нәтижесінде парниктік газдар шығарындыларын
8 980,43
тонна СО₂-экв
қысқарту
БҰҰ ТДМ-ге қосқан үлес



ҚОҚ саласындағы негізгі құжаттар
- «KEGOC» АҚ-ның 2023–2032 жж. Даму жоспары (Стратегиясы)
- Тұрақты даму саласындағы басқару жүйесі жөніндегі нұсқаулық
- Экологиялық саясат
- Сапа, экология, кәсіби қауіпсіздік және денсаулықты қорғау саласындағы мақсаттар
- Экологиялық аспектілер тізілімі
- Экологиялық менеджмент жүйесін жоспарлауды басқару жөніндегі стандарт
- Қалдықтарды басқару жөніндегі стандарт
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат
«KEGOC» АҚ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қызметті өзінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Қоршаған ортаға жауапты қарым-қатынас – «KEGOC» АҚ Экологиялық саясатының негізгі қағидаты.
«KEGOC» АҚ-ның Экологиялық саясаты қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді барынша азайтуға, көміртегі ізін төмендетуге, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, Қазақстан Республикасының Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) дамыту кезінде қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге деген жауапкершілікке, сондай-ақ Компания қызметінде энергияны үнемдеуге және табиғи және энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған. Экологиялық саясаттың қолданылуы «KEGOC» АҚ-ның барлық жұмыскерлеріне, сондай-ақ жасалатын шарттарда көрсетілген шарттар негізінде Компания объектілерінде қызмет көрсететін жеткізушілерге, мердігер ұйымдардың жұмыскерлеріне және басқа да ұйымдарға таралады. «KEGOC» АҚ басшылығы Экологиялық саясатқа сәйкес қабылданған қоршаған ортаны үнемі жақсарту және ластанудың алдын алу бойынша міндеттемелерді іске асыруға, сондай-ақ «KEGOC» АҚ-ның экологиялық аспектілері бөлігінде қатысы бар қолданыстағы заңнамалық және өзге де талаптарға сәйкестікке жауапкершілік алады. Компанияның әрбір жұмыскері, сондай-ақ Компанияның мүддесі үшін жұмыс істейтін мердігер ұйымдардың жұмыскерлері «KEGOC» АҚ-ның Экологиялық саясатымен таныстырылған.
GRI 2-23, GRI 2-24
Компанияда ISO 14001 халықаралық стандарты негізінде Экологиялық менеджмент жүйесі (ЭМЖ) енгізілген және табысты жұмыс істеуде. ЭМЖ Компанияның интеграцияланған менеджмент жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және «KEGOC» АҚ құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымның белгіленген қолданылу аясындағы қызметіне таралады. Экологиялық саясаттың талаптары және қолданылатын экологиялық талаптар сонымен қатар жасалатын шарттарда көзделген шарттар негізінде жеткізушілер мен мердігер ұйымдарға жеткізіледі.
ЭМЖ-нің қолданылу аясы – электр энергетикасында жүйелік оператор функцияларын орындау: көтерме нарық субъектілеріне Ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлеу және электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі жүйелік қызметтерді ұсыну.
Экологиялық менеджмент саласындағы халықаралық талаптарға сәйкестікті растау мақсатында 2023 жылы Компанияда тәуелсіз сертификаттау органы «MS CERTIFICATION SERVICES PRIVATE LIMITED» (Үндістан) сертификаттау аудитін жүргізді. 2025 жылы Компания қадағалау аудитінен өтті, оның қорытындысы бойынша ЭМЖ-нің ISO 14001 талаптарына сәйкестігі расталды.
Сертификаттау периметрі «KEGOC» АҚ орталық аппаратын, жүйеаралық электр желілерінің барлық тоғыз филиалын, «Жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы» филиалын, сондай-ақ «Энергоинформ» АҚ-ны қамтиды. Осылайша, ISO 14001:2015 сертификаттауымен негізгі операциялық филиалдардың 100 %-ы және Компанияның Ұлттық электр желісінің жүйелік операторы функцияларын орындауымен байланысты негізгі операциялық периметрі қамтылған.
Электр энергиясы нарығының моделінің өзгеруіне және «KEGOC» АҚ негізгі қызметтерінің тізбесін өзектендіруге байланысты 2023 жылы жекелеген жүйелік қызмет түрлері Компанияның қолданыстағы қызметтер тізбесінде нақтыланды. Аталған өзгерістер ЭМЖ-нің негізгі операциялық периметрінің өзгеруіне әкелмеді. Қолданыстағы негізгі қызметтер тізбесін ескере отырып сертификаттау аясының тұжырымдамасын өзектендіру кезекті сертификаттау циклі шеңберінде 2026 жылы жоспарланған.
ЭМЖ-ні тиімді басқару үшін «KEGOC» АҚ-ның 2025 жылға арналған экологиялық аспектілер тізілімдері әзірленді. Аспектілерді анықтау кезінде Компания қызметінің экологиялық әсерінің барлық компоненттері (энергия үнемдеу, биоәртүрлілікке, суға, топыраққа әсер, шығарындылар, қалдықтар) талданады. Экологиялық аспектілерді басқару жөніндегі іс-шаралар Компанияның 2025 жылға арналған Экологиялық бағдарламасымен белгіленген.
2025 жылдың басым экологиялық аспектілерінің қатарына мыналар жатқызылды:
- Әлеуетті ПХД бар қалдықтар – полихлорланған дифенилдер (ПХД) ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес қауіпті заттар болып табылатынына байланысты;
- Трансформатор майы және пайдаланылған (істен шыққан) трансформатор майы – Компания объектілерінде маймен толтырылған жабдықтардың болуына байланысты.
Экологиялық жауапкершілік және қоғаммен өзара іс-қимыл
Компания экологиялық талаптарды сақтауға, қоршаған ортаға әсерді азайтуға және экологиялық жауапты корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде іске асырады.
Жыл сайынғы негізде ЖЭТ барлық филиалдарымен міндетті және ерікті экологиялық сақтандыру шарттары жасалады, бұл экологиялық тәуекелдерді барынша азайтуға және қоршаған ортаны қосымша қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жыл ішінде бес ЖЭТ филиалының – Алматы, Сарыбай, Батыс, Шығыс және Ақтөбе – өндірістік объектілеріне Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан көшпелі экологиялық мониторинг жүргізілді.
Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде, сондай-ақ жергілікті қауымдастықпен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін Компания жұртшылықпен ашық диалогты қамтамасыз етеді. Осылайша, «Батыс Қазақстан энергожүйесін Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары сатысында қоғамдық тыңдаулар өткізілді.
Сондай-ақ «Астана қ. сыртқы электрмен жабдықтау сұлбасын күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Тыңдаулардың қорытындысы бойынша Қоршаған ортаға ықтимал әсер туралы есепке оң қорытынды алынды, бұл жобаның экологиялық талаптарға сәйкестігін растайды.
«Таза Қазақстан» республикалық бастамасын іске асыру мақсатында жыл ішінде Компанияның барлық филиалдарында сенбіліктер, қалдықтарды сұрыптау жөніндегі мастер-кластар және жұмыскерлерге арналған басқа да экологиялық іс-шаралар өткізілді. Осы бастамалар шеңберінде филиалдар 4 690 ағаш көшетін отырғызды, ал Астана қ. Атқарушы дирекцияның жұмыскерлері екі қалалық мектептің аумағында қосымша 90 ағаш отырғызды.
ЖЭТ барлық тоғыз филиалы мен Атқарушы дирекция пластикті ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық тұрақты шешімдерді енгізуге бағытталған Smart Plastic
Zone жобасына қатысты. Өтінімдерді бағалау қорытындысы бойынша барлық филиалдар GOLD алтын мәртебесіне ие болды, ал Атқарушы дирекция ең жоғары награданы – PLATINUM мәртебесін алды.
Құзыреттер деңгейін арттыру және экологиялық заңнаманың талаптарын сақтауды қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың мамырында ЖЭТ филиалдарының қоршаған ортаны қорғауға жауапты жұмыскерлеріне Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне енгізілген өзгерістер мен түзетулерге арналған корпоративтік оқыту өткізілді.
Бұдан басқа, «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Компания жұмыскерлері ішкі эко-тренерлер пулын қалыптастыру мақсатында қалдықтарды сұрыптау жөніндегі мамандандырылған тренингке қатысты. Оқудан 10 жұмыскер өтті, олар кейіннен өз филиалдарында қалдықтарды сұрыптау жөніндегі мастер-кластар өткізіп, Компания ішінде экологиялық практикаларды таратты.
GRI 2-27
2025 жылы «KEGOC» АҚ-ға қатысты қаржылық немесе қаржылық емес санкциялар, сондай-ақ экологиялық заңнаманы сақтамау фактілері тіркелген жоқ.
GRI 2-25
Бұдан басқа, есепті кезеңде мүдделі тараптар тарапынан қоршаған ортаға теріс әсерге қатысты өтініштер түскен жоқ.
Атмосфералық ауаға әсер
GRI 3-3
«KEGOC» АҚ өз қызметінің атмосфералық ауаға әсерін барынша азайту бойынша белсенді жұмыс істейді.
Компания көп жағдайда атмосфералық ауаға тікелей шығарындылармен байланысты емес жабдық пен технологияларды қолданады, өйткені «KEGOC» АҚ-ның негізгі қызметі электр энергиясын жоғары вольтты желілер бойынша беруден тұрады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешіміне сәйкес ЖЭТ барлық филиалдары эмиссиялар нормативтері белгіленуге жатпайтын объектілердің IV санатына жатқызылған. Ластаушы заттардың шығарындыларын есептеу әрбір жабдық бірлігінің жұмыс істеу сағаттарының саны мен материалдар шығынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының ластаушы заттардың шығарындыларын есептеу әдістемелеріне сәйкес есептік әдіспен жүргізілді.
Халықаралық ISEP сертификаттауы
2025 жылғы қыркүйекте Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры мен «Алматы ЖЭТ» филиалы ӨТҚ-ның (Өндірістік-техникалық қызметінің) жетекші инженері ISEP (Institute of Sustainability and Environmental Professionals) курсы бойынша екі апталық оқытудан өтті. Модульдік емтихандарды сәтті тапсыру қорытындысы бойынша тұрақты даму саласындағы кәсіби даярлықтың жоғары деңгейін растайтын экологиялық менеджмент бойынша халықаралық сертификаттар алынды.
GRI 305-7
Ластаушы заттардың шығарындылары*, тонна
| Ластаушы заттардың шығарындылары | 2023 | 2024 | 2025 |
|---|---|---|---|
| Күкірт диоксиді (SОx) | 0,406 | 0,376 | 0,2869007 |
| Қатты бөлшектер (PM) | 0,059 | 0,051 | 0,0436786 |
| Көміртек оксиді (СО) | 0,252 | 0,277 | 0,1936622/td> |
| Ұшпа органикалық қосылыстар | 0,290 | 0,243 | 0,1714727 |
| Басқалар** | 0,179 | 0,146 | 0,2268886 |
*Ескертпе: стационарлық көздерден болатын шығарындылар. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне сәйкес жылжымалы көздерден болатын шығарындылар есептелмейді, есептілікте пайдаланылған отынның мөлшері көрсетіледі. Компания сынаптың елеулі тікелей шығарындыларын қалыптастыратын процестер мен қондырғыларды пайдаланбайды, сондықтан көрсеткіш қолданылмайды.
** Алдыңғы кезеңдердің Жылдық есептерінен айырмашылығы, 2025 жылғы Жылдық есепке жаңа «Басқалар» санаты қосылды.
Өз инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін «KEGOC» АҚ автокөлік пен жылжымалы құралдарды пайдаланады. 2025 жылы Компания атмосфераға шығарындыларды барынша азайту үшін көлік құралдарына тұрақты техникалық қызмет көрсетуді жүргізді. Сондай-ақ автокөлікті атмосфераға шығарылатын пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтінділігіне тексеру жүргізілді.
GRI 305-6
Компания өз қызметінде климаттың өзгеруіне әсер ететін озон бұзатын заттардың шығарындыларын жүзеге асырмайды.
Су объектілеріне әсер
GRI 3-3, GRI 303-1, GRI 303-2
«KEGOC» АҚ суды технологиялық процесте пайдаланбайды. Компанияның қызметі су сыйымды қызмет түрлеріне жатпайды, өйткені электр энергиясын беру мен диспетчерлеу процестері өндірістік немесе салқындату процестері үшін су пайдалануды талап етпейді. Қызмет сипатына байланысты Компанияның жалпы су тұтыну көлемі елеусіз болып қалады және су ресурстарына елеулі әсер етпейді.
Компанияда су тек шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін тұтынылады және қалалық сумен жабдықтау жүйелері мен ұңғымалардан түседі. Жер үсті көздерінен (өзендер, көлдер және басқа да су айдындары) су алу жүзеге асырылмайды.
ЖЭТ 8 филиалының объектілерінде артезиан сумен жабдықтау бар, ұңғымалар алынған арнайы су пайдалану рұқсаттарына сәйкес пайдаланылады. Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес мамандандырылған ұйымдармен жасалған шарттар бойынша ұңғымалардың су алу орнында жерасты суларын мониторингтеу тұрақты негізде жүргізіледі.
Компания объектілерінде су объектілері мен топырақты ластаудың ықтимал көздері мыналар болып табылады:
- Маймен толтырылған жабдықта пайдаланылатын трансформатор майы;
- Шаруашылық су тұтыну кезінде түзілетін ағынды сулар.
Экологиялық әсерді барынша азайту мақсатында «KEGOC» АҚ жабдықты таңдау кезінде оның экологиялығына бағдарланады. Майлы ажыратқыштарды неғұрлым қауіпсіз элегаз және вакуумды баламаларға жоспарлы ауыстыру тұрақты негізде жүргізіледі, бұл ЖЭТ филиалдарының қосалқы станцияларында трансформатор майын пайдалануды қысқартуға ықпал етеді.
Майсыз жабдықты қолдану сенімділікті, өрт қауіпсіздігін арттырады, сондай-ақ жерасты сулары мен топырақтың ластануын болдырмайды. Маймен толтырылған жабдық май қабылдағыш құрылғылармен немесе науалармен жабдықталған, бұл майдың топыраққа түсуін болдырмайды. Май қабылдағыштардың үйіндісі тұрақты түрде тексеріледі.
Қызметтің сипаты мен су тұтынудың төмен деңгейін ескере отырып, су ресурстарын ұтымды пайдалану тәсілдері Компанияның қолданыстағы экологиялық менеджмент жүйесі және филиалдардың пайдалану қызметі шеңберінде іске асырылады. Өндірістік экологиялық бақылау аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық жай-күйін бақылау жүзеге асырылады, сондай-ақ судың жылыстауын (ағуын) болдырмау және су ресурстарына ықтимал әсерді азайту бойынша шаралар қабылданады. Табиғи ресурстарды, соның ішінде су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері Компания жұмыскерлеріне арналған ішкі экологиялық оқыту іс-шаралары шеңберінде қарастырылады.
GRI 303-3, SASB IF-EU-140a.1
Су тұтынуды талап ететін технологиялық процестердің болмауына байланысты айналымды сумен жабдықтау пайдаланылмайды. Компания жер үсті, теңіз және қабат суларынан су алуды жүзеге асырмайды.
«KEGOC» АҚ-ның су алу көрсеткіштері, мегалитр
| Түрі бойынша | 2023 | 2024 | 2025 |
|---|---|---|---|
| Жерасты көздері (ұңғымалар), оның ішінде: | 41,11 | 37,97 | 37,74 |
| Тұщы су (минералдануы 1 000 мг/л-ге дейін) | 22,76 | 27,88 | 27,22 |
| Техникалық су (минералдануы 1 000 мг/л-ден жоғары) | 19,36 | 10,10 | 10,52 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 9,84 | 7,07 | 6,12 |
| Бөгде көздер (қалалық сумен жабдықтау жүйелері мен әкелінетін), оның ішінде: | 65,86 | 69,23 | 80,93 |
| Тұщы су (минералдануы 1 000 мг/л-ге дейін) | 53,06 | 58,62 | 68,22 |
| Техникалық су (минералдануы 1 000 мг/л-ден жоғары) | 12,80 | 10,60 | 12,70 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 9,83 | 9,02 | 10,35 |
| БАРЛЫҒЫ | 106,98 | 107,20 | 118,67 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 19,67 | 16,09 | 16,46 |
GRI 303-4
«KEGOC» АҚ-ның су бұру көрсеткіштері, мегалитр
| Түрі бойынша | 2023 | 2024 | 2025 |
|---|---|---|---|
| Бөгде ұйымдар (су бұру) | 49,54 | 46,46 | 61,35 |
| Тұщы су (минералдануы 1 000 мг/л-ге дейін) | 41,12 | 38,47 | 52,1 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 3,80 | 3,96 | 3,97 |
| Техникалық су (минералдануы 1 000 мг/л-ден жоғары) | 8,43 | 7,99 | 9,25 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 0,95 | 1,08 | 1,28 |
* су тапшылығы бар аудандарға «KEGOC» АҚ Оңтүстік және Батыс ЖЭТ филиалдарының аумақтары жатқызылды. Су ресурстарының тапшылығы бар өңірлерді айқындау үшін Су стресс картасына сәйкес Water Risk Filter деректері пайдаланылды.
Ағынды суларды жер бедеріне төгу жүзеге асырылмайды.
GRI 303-5
«KEGOC» АҚ-ның су тұтыну көрсеткіштері, мегалитр
| Жыл | 2023 | 2024 | 2025 |
|---|---|---|---|
| Су алу | 106,98 | 107,20 | 118,67 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 19,67 | 16,09 | 16,46 |
| Су бұру | 49,54 | 46,46 | 61,35 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 4,75 | 5,04 | 5,25 |
| Су тұтыну, барлығы | 57,43 | 60,74 | 57,32 |
| оның ішінде, су тапшылығы бар өңірлерде* | 14,93 | 11,05 | 11,21 |
*Су тұтыну су алу мен су бұру арасындағы айырма ретінде есептеледі.
Объектілерді пайдалану мен жаңғырту кезінде Компания өңірлік климаттық ерекшеліктерді және Қазақстан Республикасында климаттың өзгеруі мен су ресурстарының қолжетімділігіне байланысты ықтимал ұзақ мерзімді тәуекелдерді ескереді. Ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері экологиялық менеджмент жүйесі мен ESG- және климаттық тәуекелдерді басқару процестері шеңберінде қаралады.
Қалдықтарды басқару
GRI 3-3, GRI 306-1, GRI 306-2
«KEGOC» АҚ-да өндірістік қалдықтар жабдықты пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жаңғырту процесінде түзіледі. Компания көмір электр станцияларын, көмір жағу және күкірттен тазарту қондырғыларын пайдаланбайды, сондықтан «KEGOC» АҚ қызметінде күл мен гипс қалдықтары түзілмейді.
Қалдықтарды басқару Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарына және «KEGOC» АҚ-да қалдықтарды басқару» ішкі ұйым стандартына сәйкес жүзеге асырылады. Осы құжаттарға сәйкес барлық қалдықтар қауіпті және қауіпсіз болып жіктеледі.
Қауіпті қалдық түрлерін бөгде ұйымдарға беру қауіпті қалдықтарды қайта өңдеуге, залалсыздандыруға, кәдеге жаратуға және/немесе жоюға құқық беретін лицензия негізінде жүзеге асырылады. Қалдықтардың тізбесі мен олардың қауіптілік деңгейі құрамы, көлемдері немесе айналыс шарттары өзгерген кезде тұрақты түрде өзектендіруге жатады.
ЖЭТ филиалдары қажеттілігіне қарай әрбір түр үшін қалдықтардың пайда болу процестерін олардың шығу орны бойынша сипаттауды, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін, олармен жұмыс істеу қағидаларын, оларды бақылау әдістерін, осы қалдықтардың қоршаған ортаға әсер ету түрлерін, қалдық өндірушілер туралы мәліметтерді қамтитын қалдықтар паспорттарын әзірлейді немесе түзетеді.
Қалдықтарды қауіпсіз әрі бөлек сақтауды қамтамасыз ету үшін ЖЭТ филиалдарында қалдықтарды уақытша жинақтаудың арнайы алаңдары айқындалған. Объектілер аумағында қалдықтарды орналастырудың экспликациясы бар карта-сұлбалары әзірленді, қалдықтарды одан әрі қалпына келтіру, кәдеге жарату, залалсыздандыру немесе жою үшін уақтылы шығару қамтамасыз етіледі.
2025 жылы Қазақстан Республикасының «Тұрақты органикалық ластаушылар туралы Стокгольм конвенциясын ратификациялау туралы» заңына, Тұрақты органикалық ластаушылармен және оларды құрайтын қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларына (ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген) сәйкес «KEGOC» АҚ ҚС жабдығындағы ПХД-ны анықтау жөніндегі жұмыс жалғастырылды. ЖЭТ филиалдары ПХД бар жабдықты есепке алу тізілімдерін өзектендірді, тізілімдер белгіленген мерзімдерде қоршаған ортаны қорғаудың аумақтық органдарына тапсырылды.
2025 жылы «Алматы» ЖЭТ және «Сарыбай» ЖЭТ филиалдарында трансформатор майына ПХД бар-жоғына зертханалық талдаулар жүргізілді. Сынақтардың нәтижелері бойынша ПХД анықталмады.
Түзілетін қалдықтардың көлемдері жабдықты ауыстыру мен жаңғырту мерзімдеріне, сондай-ақ орындалатын жөндеу және инвестициялық жұмыстардың құрамына байланысты. Осы себептен қалдықтар көлемдерінің және оларды қалпына келтіру үлесінің жыл сайынғы өзгерістерін тұрақты үрдіс ретінде қарастырмау керек.
GRI 306-3
«KEGOC» АҚ-ның қауіпті және қауіпсіз қалдықтарының көлемдері, тонна
| Түрі бойынша | 2022 | 2023 | 2024 | 2025 |
|---|---|---|---|---|
| Қауіпті қалдықтар | 11,31 | 462,00 | 63,61 | 34,38 |
| Қауіпсіз қалдықтар | 2 624,67 | 2 883,76 | 3 523,22 | 3 057,46 |
| Барлық жалпы көлемі | 2 635,99 | 3 345,765 | 3 586,831 | 3 091,85 |
GRI 306-4, GRI 306-5
Қалпына келтіруге және жоюға жіберілген қалдықтар*, тонна
| Түрі бойынша | Қауіпті қалдықтар | Қауіпсіз қалдықтар |
|---|---|---|
| Қалпына келтіру, оның ішінде: | 17,77 | 676,42 |
| қайта пайдалануға дайындау | 5,57 | 407,09 |
| қалдықтарды қайта өңдеу | 9,33 | 268,71 |
| өзге де қалпына келтіру операциялары | 2,87 | 0,61 |
| Жою, оның ішінде: | 4,72 | 2 356,84 |
| жағу | 4,25 | 0,39 |
| көму | 0,32 | 2 356,41 |
| өзге де жою операциялары | 0,15 | 0,04 |
| Әрі қарай кәдеге жарату әдісі «KEGOC» АҚ-ға белгісіз бөгде мамандандырылған ұйымдарға берілген қалдықтар** | 11,30 | 24,68 |
| Мамандандырылған бөгде ұйымдарға берілген қалдықтардың барлығы | 33,79 | 3 057,94 |
* есепті кезеңде барлық қалдықтар Компаниядан тыс жерде қалпына келтірілді және жойылды.
** шарттарға сәйкес қалдықтар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бөгде мамандандырылған ұйымдарға берілді, ол «KEGOC» АҚ-ға қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызмет көрсетушілерге берілген қалдықтардың одан әрі кәдеге жаратылуын қадағалау жөніндегі міндеттемелерді жүктемейді.
Компания 2025 жылы кәдеге жаратуға, қалпына келтіруге, жоюға жасалған шарттар бойынша бөгде мамандандырылған ұйымдарға берген қалдықтардың жалпы көлемі 3 091,73 тонна құрады. Олардың ішінде:
- қалпына келтірілген (қайта өңдеу, қайта пайдалануға дайындау және т.б.) қалдықтардың жалпы көлемі 694,18 тонна құрады;
- жойылған (жағу, көму және т.б.) қалдықтардың жалпы көлемі 2 361,56 тонна құрады.
Қалдықтарды беру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылды, ол «KEGOC» АҚ-ға қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызмет көрсетушілерге берілген қалдықтардың одан әрі кәдеге жаратылуын қадағалау жөніндегі міндеттемелерді жүктемейді.
Қалдықтармен жұмыс істеу процестерінің ашықтығын арттыру және берілген қалдықтарды одан әрі өңдеу әдістері туралы неғұрлым толық ақпарат алу мақсатында «KEGOC» АҚ 2024 жылы қалдықтарды қабылдайтын ұйымдардан қалдықтарды одан әрі өңдеу мен кәдеге жарату туралы растайтын құжаттарды сұратуды бастады. 2025 жылы қалдықтармен жұмыс істеудің одан әрі әдістері туралы ақпарат беру жөніндегі талаптар мердігер ұйымдармен жасалатын шарттарға енгізілді. Нәтижесінде Компания берілген қалдықтардың көп бөлігі бойынша, оның ішінде оларды өңдеу, қалпына келтіру, жою және түпкілікті кәдеге жарату әдістері туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпарат алды.
Энергия тиімділігі
GRI 3-3
«KEGOC» АҚ энергия тиімділігін арттыруға және ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған шаралар кешенін іске асырады. Бұл саладағы негізгі басымдықтар – отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқарту, объектілердің меншікті қажеттіліктеріне арналған энергия шығындарын төмендету, ҰЭЖ бойынша электр энергиясын беру кезінде электр энергиясының технологиялық шығынын азайту, сондай-ақ есепке алу аспаптары мен алынған деректерді талдау негізінде энергия тұтынуды есепке алу мен бақылау жүйесін дамыту.
GRI 302-1
2025 жылы отын-энергетикалық ресурстарды тұтыну
| Өлшем бірліктері | Тұтыну, натуралды бірлік | Тұтыну, мың ГДж.1 | |
|---|---|---|---|
| Электр энергиясы, барлығы | мың кВт·сағ | 3 141 829,12 | 11 310,58482 |
| оның ішінде жаңартылатын көздерден | мың кВт·сағ | 460 571,25 | 1 656,05651 |
| Жылу энергиясы | Гкал | 18 874,296 | 79,02290 |
| Отын, оның ішінде: | – | 128,12524 | |
| моторлы бензин | тонна | 928,55 | 40,59819 |
| дизель отыны | тонна | 1 985,23 | 84,36884 |
| табиғи газ | мың м³ | 88,20 | 2,98128 |
| сұйытылған газ | тонна | 3,85 | 0,17694 |
| БАРЛЫҒЫ | 11 517,73297 |
- Тұтынылған ОЭР көлемдерін Джоульге аудару үшін мыналар қолданылды: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 9 бұйрығымен бекітілген Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуін есептеу әдістемесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 11 тамыздағы № 160 бұйрығымен бекітілген Отын-энергетикалық балансты қалыптастыру және энергетика саласын сипаттайтын жекелеген статистикалық көрсеткіштерді есептеу әдістемесі.
2025 жылы отын-энергетикалық ресурстарды тұтыну 2024 жылмен салыстырғанда Компания желілері бойынша электр энергиясын берудің нақты көлемдерінің ұлғаюына байланысты электр энергиясын тұтынудың өсуі есебінен 147,71 мың ГДж-ге артты.
GRI 302-3
«KEGOC» АҚ-ның отын-энергетикалық ресурстарды үлестік тұтынуы
| Өлшем бірліктері | 2021 | 2022 | 2023 | 2024 | 2025 | |
|---|---|---|---|---|---|---|
| Үлестік энергия тұтыну | мың ГДж/мың теңге түсім | 0,060 | 0,048 | 0,043 | 0,0368 | 0,029 |
GRI 302-1
«KEGOC» АҚ-ның электр энергиясын тұтынуы
| 2021 | 2022 | 2023 | 2024 | 2025 | 2025 | |
|---|---|---|---|---|---|---|
| Өлшем бірліктері | млн кВт·сағ | мың ГДж | ||||
| Электр энергиясын тұтыну | 3 059,92 | 2 824,90 | 2 950,28 | 3 095,26 | 3 141,85 | 11 310,58 |
| оның ішінде ЖЭК-тен | 32,41 | 14,23 | 205,7* | 462,75* | 460, 57* | 1 656,06 |
* 2023 жылы Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Электр энергиясының бірыңғай сатып алушысы ҰЭЖ-ге қосылған барлық энергия өндіруші ұйымдардан, оның ішінде ЖЭК-тен электр энергиясын сатып алады. Осыған байланысты бұл көрсеткіш 2023–2025 жылдары электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК өндірген электр энергиясының (GRI 302 терминологиясында) үлесін негізге ала отырып, есептік жолмен алынды.
EU12
«KEGOC» АҚ-ның жалпы энергия тұтынуын азайтудағы ең үлкен тиімділік электр энергиясын электр торлары арқылы жеткізу кезіндегі технологиялық шығыстарды қысқарту жөніндегі іс-шаралар есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы БЭЖ-інің (Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің) ерекшелігі – ірі генерациялау көздерінің Солтүстік аймақта шоғырлануы, сондай-ақ негізгі бағыттар: Қазақстанның Солтүстігі – Оңтүстігі, Павлодар облысы – Ақтөбе облысы бойынша ұзын транзиттік электр беру желілерінің (1000 км-ге дейін) болуы. Мұндай құрылым ел аумағының кеңдігімен түсіндіріледі және электр энергиясының технологиялық шығысы (техникалық шығындар) деңгейіне елеулі ықпал етеді.
Бұдан бөлек, «KEGOC» АҚ торларындағы электр энергиясы технологиялық шығысының көлемі шектес мемлекеттердің энергетикалық жүйелерінің жұмыс режимдеріне (электр энергиясының транзитін, экспорты мен импортын қоса алғанда), сондай-ақ электр беру параметрлеріне әсер ететін климаттық жағдайларға байланысты болады.
Климаттық жағдайлардың өзгеруі электр энергиясын жеткізу кезінде нормативтен тыс шығындардың пайда болуына ықпал ететін тәуекел факторына айналуы мүмкін. Осыған байланысты, «KEGOC» АҚ шығындарды азайту және климаттық тәуекелдерді жұмсартуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу мен іске асыру кезінде климаттық факторларды талдауды және электр энергиясының нақты шығындарының динамикасын ескереді.
Желілердегі электр энергиясының технологиялық шығыны
| 2022 | 2023 | 2024 | 2025 | |
|---|---|---|---|---|
| Электр энергиясының шығындары, желіге берудің жалпы көлемінен % | 4,9 | 5,0 | 5,0 | 4,8 |
Ұлттық электр желісіндегі электр энергиясының шығындары желіге түскен электр энергиясының көлемі мен есепті кезеңде желіден берілген электр энергиясының көлемі арасындағы айырма ретінде баланстық әдіспен (energy balance method) есептеледі. Есеп Ұлттық электр желісі деңгейінде тұтастай, электр энергиясын есепке алу аспаптарының, оның ішінде АСКУЭ-ні пайдалана отырып қалыптастырылатын аспаптардың деректері негізінде жүзеге асырылады.
Компанияның Ұлттық электр желісінің операторы ретіндегі мәртебесін ескере отырып, көрсеткіш электр энергиясын берудің физикалық процестерінен туындайтын технологиялық шығындарды көрсетеді. Есептеу әдістемесі деректердің динамикадағы салыстырмалылығын және көрсеткіш өзгерістерін талдаудың дұрыстығын қамтамасыз ете отырып, тұрақты негізде қолданылады.
Электр энергиясының технологиялық шығыны электр беру желілеріндегі және электр жабдығындағы физикалық процестер салдарынан Ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру процесінде туындайтын объективті шығындарды білдіреді.
Технологиялық шығынды басқару Компанияның операциялық тиімділігін арттырудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Негізгі міндет техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін жоспарлау мен дәйекті түрде іске асыру есебінен шығындардың нақты деңгейін экономикалық және техникалық тұрғыдан оңтайлы деңгейде ұстап тұру болып табылады.
Электр энергиясының технологиялық шығынын төмендету мақсатында Компания мынадай шараларды іске асырады:
Техникалық іс-шаралар:
- әуе электр беру желілері мен қосалқы станция жабдығын жаңғырту;
- трансформаторларды энергия тиімділігі жоғары үлгілерге ауыстыру;
- Ұлттық электр торы объектілерін цифрландыру және Smart Grid (зияткерлік тор) элементтерін енгізу;
- төмен жүктеме кезеңдерінде тор жабдықтарын ажырату.
Режимдерді басқару жөніндегі іс-шаралар:
- реактивті қуат ағындарын реттеу және азайту;
- қуаттың таралу (ағынның бөліну) схемаларын оңтайландыру;
- энергетикалық жүйенің қалыптасқан режимдерін кернеу деңгейлері мен реактивті қуат бойынша оңтайландыру;
- тор түйіндерінде кернеудің оңтайлы деңгейін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасы БЭЖ-інің (Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің) жұмыс режимдерін оңтайландыру шараларының нәтижесінде, 2025 жылы электр энергиясының шығысын 3,309 млн кВт·сағ-қа азайтуға қол жеткізілді.
GRI 201-2, GRI 302-4, GRI 302-5
Электр энергиясы шығындарын төмендету жөніндегі іс-шаралардан болған әсер
| Іс-шара | 2023 | 2024 | 2025 | |||
|---|---|---|---|---|---|---|
| млн кВт·сағ | ГДж | млн кВт·сағ | ГДж | млн кВт·сағ | ГДж | |
| Желілерді төмен жүктеме режимінде ажырату | 0,180 | 648 | 0,178 | 641 | 0,309 | 1 112 |
| Күштік трансформаторларды төмен жүктеме режимінде ажырату | 3,878 | 13 961 | 4,864 | 17 510 | 3,0 | 10 800 |
| «KEGOC» АҚ бойынша барлығы | 4,058 | 14 609 | 5,042 | 18 151 | 3,309 | 11 912 |
Компанияда электр энергиясының технологиялық шығыны деңгейі бойынша орта мерзімді негізгі қызмет көрсеткіштері белгіленген. Нысаналы мәндер Ұлттық электр желісінің даму параметрлері мен инвестициялық бағдарламаны ескере отырып, көпжылдық кезеңге айқындалған.
Көрсеткіш басқарушы директорлардың ҚНК жүйесіне енгізілген және олардың тиімділігін бағалау кезінде ескеріледі, бұл белгіленген бағдарларға қол жеткізу үшін басқарылғыштық пен дербес жауапкершілікті қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңының талаптарына сәйкес «KEGOC» АҚ бөгде мамандандырылған ұйымды тарта отырып энергетикалық аудит жүргізуге бастамашылық етті. Аудиттің қорытындысы бойынша 2021–2025 жылдарға арналған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, оны орындау нәтижесінде 4 680,88 тонна шартты отын (ш.о.т.) үнемделді. Жоспарды іске асыру шеңберінде энергия тиімділігін арттыру жөніндегі мынадай шаралар жүзеге асырылды:
- Қосалқы станциялардың аумағында және ғимараттардың ішінде жарықтандыру жүйелерін жаңғырту;
- Энергия тиімді электр қазандықтарын орнату;
- Жылыту жүйелерінің құбырларын тазалау және суды дайындау;
- Ескірген сыртқы есіктерді, қақпаларды және терезе блоктарын ауыстыру;
- Электрмен жылытылатын объектілерде радиаторлық термостаттар мен терморегуляторларды орнату.
Жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы энергетикалық ресурстардың 43 362,35 ГДж-ге үнемделуі байқалады, бұл 8 980,43 тонна СО2-экв парниктік газдар шығарындыларына барабар.
GRI 305-5
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралардан болған әсер
| 2021 | 2022 | 2023 | 2024 | 2025 | |
|---|---|---|---|---|---|
| Энергия тұтынуды қысқарту, ГДж | 3 165,61 | 11 621,27 | 35 470,78 | 43 541,85 | 43 362,35 |
2025 жылы энергоаудит жүргізілді, оның қорытындысы бойынша энергетикалық ресурстарды тұтынуды 1 812,732 тонна шартты отынға (ш.о.т.) әлеуетті төмендетуді көздейтін 2026–2031 жылдарға арналған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Биоәртүрлілікке әсер
GRI 3-3, GRI 2-26, GRI 304-1, GRI 304-2
«KEGOC» АҚ электр желілік компания және жүйелік оператор ретінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне елеулі әсер етпейді. Дегенмен, Компания экожүйелер мен биоәртүрлілікке ықтимал әсерді барынша азайтуға үлкен мән береді. «KEGOC» АҚ Ұлттық электр желісін дамыту жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жобаларды іске асыру кезінде қолданылатын қоршаған ортаны және биоәртүрлілікті қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ескере отырып жүзеге асырады. Осыған байланысты «KEGOC» АҚ-ның барлық жұмыскерлеріне, сондай-ақ жеткізушілерге, мердігер ұйымдар мен Компания объектілерінде қызмет көрсететін компанияларға – жасалған шарттардың шарттарына сәйкес таратылатын Биоәртүрлілік саласындағы саясат әзірленіп, енгізілді. «KEGOC» АҚ-ның биологиялық әртүрлілікті сақтау саласындағы саясатының негізгі мақсаты – «KEGOC» АҚ қызметінің «KEGOC» АҚ әсер ету аймағындағы экожүйелер мен биоәртүрлілікке теріс әсерін болдырмау және барынша азайту.
«KEGOC» АҚ объектілерді қорғалатын табиғи аумақтарда орналастырудан аулақ бола отырып, тұрақты даму қағидаттарын ұстанады. Жаңа объектілерді жобалау кезінде қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін заманауи техникалық шешімдер қолданылады.
Электр желілік инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде Компания құрылыс өңірлерінің табиғи ерекшеліктерін ескереді және табиғатты қорғау мен биоәртүрлілікті сақтау мәселелеріне кешенді тәсіл қолданады, оның ішінде:
- жобаның өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде, оның ішінде жоспарлау, құрылыс және жобадан кейінгі мониторинг кезеңдерінде қоршаған ортаға әсер ету тәуекелдерін талдау; Жобаларды іске асыру тәуекелдерін талдау үшін әлеуметтік және экологиялық тәуекелдерді талдауды қамтитын PESTEL-талдау пайдаланылады. Жүргізілген ҚОӘБ-нің, оның ішінде биоәртүрлілікке әсердің нәтижелері ескеріледі және қоршаған ортаға ең аз зиян келтіретін нұсқа қабылданады. Елеулі әсер анықталған жағдайда биоәртүрлілікті басқару жоспарлары әзірленеді.
- ӘЖ трассаларының өтуін және ҚС орналастыруды елді мекендердің жерлері, перспективалы даму аймақтары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, мәдени мұра, орман алқаптары, су қорғау аймақтары және басқа да сезімтал аумақтар бойынша болдырмау, сондай-ақ трассаларды таңдау кезінде ормансыздануды және табиғи мекендердің конверсиясын болдырмау. Орман алқаптары мен өзге де экологиялық сезімтал аймақтарды айналып өтуді көздейтін жобалық шешімдерге басымдық беріледі, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін бұзылған жерлер кейіннен қалпына келтіріледі.
Қорғау шараларын қамтамасыз ету мен әлеуметтік мониторинг жөніндегі мынадай бағдарламалар әзірленді: Қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік қорғау жөніндегі іс-шараларды басқару жоспары (ESMP), Экологиялық және әлеуметтік іс-қимылдар жоспары (ESAP), Күнкөріс құралдарын қалпына келтіру жоспары (LRP), Шағымдарды беру мен қарау тетігі (GRM).
Жобаланатын ӘЖ, әдетте, дала және шөлейт аумақтар бойынша өтеді, бұл биоәртүрлілікке әсерді төмендетуге және әлеуметтік-экологиялық қайшылықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
«KEGOC» АҚ өз қызметін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының қағидаттарына, атап айтқанда экологиялық ақпараттың қолжетімділігі қағидаты мен қоғамдық қатысу қағидатына сәйкес жүзеге асырады. Компания мүдделі тараптарды, оның ішінде жергілікті қауымдастықтарды қоғамдық тыңдаулар не ҚОӘБ жобаларын талқылау өткізу арқылы ірі жобалардың ықтимал салдарлары туралы хабардар етеді, табиғатты қорғау жөніндегі бастамалар шеңберінде ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ жұмыскерлер мен серіктестердің экологиялық хабардарлық деңгейін арттыру үшін оқыту және ақпараттық іс-шаралар өткізеді.
ҚОӘБ-тен өту кезінде жоспарланған қызметті іске асыру кезіндегі қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлердің барлық процестері ескеріледі, оларға мыналар кіреді:
- атмосфералық ауаға әсер,
- су айдындары мен жерасты суларына,
- жер бедеріне,
- биоәртүрлілікті, жануарлар дүниесін сақтау.
Орнитофаунаға әсер және оны қорғау шаралары
«KEGOC» АҚ ЭБЖ бөлу белдеулерінде, сондай-ақ қосалқы станциялардың айналасындағы санитарлық аймақтарда экожүйелер мен дәстүрлі мекендерді сақтауға ықпал етеді.
Халықаралық зерттеулерге сәйкес төмен кернеулі ЭБЖ (0,4–10 кВ) құстардың электр тогынан зақымдану қаупін жоғары туғызады. Бұл жерге қосылған элементтер мен ток өткізгіш бөліктер арасындағы қысқа қашықтықтармен байланысты, оларға бір мезгілде жанасқан кезде қысқа тұйықталу мүмкін.
Сонымен бірге, «KEGOC» АҚ ЭБЖ-нің 99,2 %-ы – кернеуі 110 кВ және одан жоғары жоғары вольтты желілер, оларда жерге қосылған бөліктер мен ток өткізгіш элементтер арасындағы ең аз қашықтық кемінде 1,5 метрді құрайды. Бұл құстардың көпшілігінің қанаттарының орташа құлашынан асып түседі, бұл олардың электр тогынан зақымдану тәуекелін іс жүзінде жоққа шығарады.
Құстарға ЭБЖ әсерінен болатын тәуекелді жұмсарту үшін халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне және өзіндік пайдалану тәжірибесіне негізделген мынадай шаралар қолданылады:
- Құстарды қорғау құрылғыларын орнату: «KEGOC» АҚ АТҚ траверсалары мен порталдарына құстардың ықтимал қонатын жерлерінде құстардың желілер мен қосалқы станциялардың элементтеріне қонуына жол бермейтін 12 мыңнан астам қауіпсіз құстарды қорғау құрылғысы орнатылды. Қосымша құрылғылар, оның ішінде филиалдарда рационализаторлық ұсыныстарды енгізу нәтижесінде орнатылған құрылғылар, мысалы, құстар ӘЖ темірбетон тіреулерінің траверсаларының шетіне қонуға тырысқан кезде айналатын құрылғылар. Желде іске қосылатын және құстарға арналған тәуекелдерді төмендететін шу мен көру тетіктері, олар бұдан басқа, жоғары белсенділік сәттерінде, мысалы, миграция кезінде құстарды үркітеді.
- Орнитологтармен ынтымақтастық. Компания биоәртүрлілікті сақтау саласындағы әзірлемелер нарығын үнемі зерттейді, ұқсас компаниялардың тәжірибесімен танысады және табиғат қорғау ұйымдарымен байланысты қолдайды. 2025 жылы «KEGOC» АҚ жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші халықаралық компания Masdar және Мохаммед бин Зайед атындағы жыртқыш құстарды қорғау қорымен (MBZRCF) Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Бұл қосымша шаралар ықтимал қатерлерден қорғауды жақсарта отырып, құстардың қауіпсіздігін арттыруы мүмкін және инфрақұрылым мен биоәртүрліліктің неғұрлым үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз етеді.