Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлейді және айқындайды. Электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі болып табылады. Электр энергетикасы саласындағы қадағалау мен бақылауды мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті – мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті (оның ішінде табиғи монополия субъектісі ретінде «Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі компаниясы» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) («KEGOC» АҚ) акционерлік қоғамының қызметін) бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
Саланың құрылымы
Электр энергетикасы саласының қолданыстағы моделі шеңберінде мынадай негізгі деңгейлер бөлінеді:
- Электр энергиясын өндіру – мемлекеттік және жеке компанияларға тиесілі әртүрлі типтегі (жылу, гидроэлектр станциялары, жаңартылатын энергия көздерінің объектілері) электр станцияларымен жүзеге асырылады;
- Магистральдық желілер бойынша электр энергиясын жеткізу – ел өңірлері, электр станциялары мен ірі тұтынушылар арасындағы байланысты, сондай-ақ электр энергиясының трансшекаралық ағындарын қамтамасыз ететін Ұлттық электр желісі арқылы жүзеге асырылады;
- Жедел-диспетчерлік басқару – Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған басқару, электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеу;
- Электр энергиясын тарату – өңірлік электр желілік компаниялары тарату желілері бойынша жүзеге асырады;
- Тұтыну – өнеркәсіптік кәсіпорындар, инфрақұрылымдық объектілер, шағын және орта бизнес субъектілері мен халық.
Электр энергиясын өндіру секторы
Қазақстан Республикасында электр энергиясын меншіктің әртүрлі нысанындағы 248 электр станциясы өндіреді. Қазақстан Республикасы электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 2026 жылғы 1 қаңтарда 26 807,0 МВт құрайды; қолда бар қуат – 20 081,0 МВт (ЖЭК-тің (КЭС, ЖЭС, шағын ГЭС) қолда бар қуаты электр қуатының болжамды балансын жасау әдістемесіне сәйкес көрсетілген: су ағыны бойынша жұмыс істейтін бөгетсіз ГЭС – 30 %; ЖЭС – 20 %; КЭС – қолда бар қуаттың 0 %-ы).
Қазақстан Республикасында 2025 жылы электр энергиясын өндіру
| Электр станциялары | Белгіленген қуат, МВт |
|---|---|
| Жылу электр станциялары жиыны: | 20 525,9 |
| Бутурбиналық, соның ішінде: | 17 753,5 |
| көміртозаңды | 13 679,0 |
| газбен және мазутпен | 4 074,5 |
| газтурбиналық | 2 772,4 |
| Жел электр станциялары | 2 071,0 |
| Күн электр станциялары | 1 353,0 |
| Су электр станциялары: | 2 856,0 |
| соның ішінде шағын | 321,2 |
| Биогазды қондырғылары | 1,1 |
| БАРЛЫҒЫ | 26 807,0 |
Электр станцияларының белгіленген қуаты аймақтар бөлінісінде, МВт
2025 жылы 1492,8 МВт жаңа генерациялаушы қуат пайдалануға берілді, белгіленген қуаты:
Электр станцияларының белгіленген қуаты өңірлер бөлінісінде
| Электр станциялары | Белгіленген қуат, МВт |
|---|---|
| Ақтөбе облысы: | 237,5 МВт |
| «КЭЗ» ЖШС Хромтау ЖЭС | 137,5 |
| «Darmen Shuak» ЖШС Darmen Shuak ЖЭС | 50 |
| «Next Green Energy» ЖШС Next Green Energy ЖЭС | 50 |
| Алматы облысы: | 2 |
| «ЛУКОЙЛ-Экоэнерго Қазақстан» ЖШС Алматы КЭС | 2 |
| Атырау облысы: | 690 |
| Атырау ЖЭО № 6 бу турбинасын монтаждау | 65 |
| ТШО ТГТЭС-4 | 625 |
| Шығыс Қазақстан облысы: | -1 |
| Согра ЖЭО-да 29.10.2025 ж. № 02-1201 хат негізінде қуатты 1 МВт-қа азайту. | -1 |
| Жетісу облысы: | 64,1 |
| «Текелі энергокешені» ЖШС Текелі БГҚ пайдалануға берілді | 36 |
| «Қорын ГЭС-2» ЖШС ГЭС-3 пайдалануға берілді | 26 |
| «Баскуат Энергопром» ЖШС ГПЭС пайдалануға берілді | 2,1 |
| Қарағанды облысы: | 237,8 |
| ҚМАЭС-2 № 3 бу турбинасын монтаждау | 130 |
| «Гиперборея» ЖШС Гиперборея ЖЭС | 107,8 |
| Қостанай облысы: | 53,2 |
| «Куншуак-2025» ЖШС КЭС | 3,2 |
| «Aspan Energo» ЖШС Аспан ЖЭС | 50 |
| Ұлытау облысы: | 101,2 |
| «Жезқазған металл құрылымдары зауыты» ЖШС Жез-Солар КЭС | 1,2 |
| «Mezgilder Qushteri» ЖШС Жезқазған ЖЭС | 100 |
| Жезқазған ЖЭО ТГ № 5 демонтаждау | -42 |
| Қызылорда облысы: | 60 |
| «Vigor Holding» ЖШС Шиелі-1 КЭС | 20 |
| «Тесис» ЖШС Тесіс КЭС | 40 |
| Қызылорда ЖЭО-6 ТГ № 6 демонтаждау | -42 |
| Маңғыстау облысы: | 120 |
| «Sarkylmas Kuat» ЖШС Жетібай ЖЭС | 50 |
| «Мангистау Реньюваблс Б.В.» филиалы Жаңаөзен КЭС | 50 |
| «Stellar Energy» Шетпе КЭС | 20 |
| Батыс Қазақстан облысы: | 12 |
| Орал ЖЭО бу турбинасын монтаждау | 12 |
Электр энергиясын беру секторы
Қазақстан Республикасының электр желілері электр энергиясын өндірушілерден тұтынушыларға беруге және (немесе) таратуға арналған кернеуі 0,4-тен 1 150 кВ-қа дейінгі қосалқы станциялардың, тарату құрылғыларының және электр беру желілерінің тармақталған жиынтығын білдіреді. Осы инфрақұрылым шеңберінде Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінде жүйеқұраушы желі рөлін атқаратын Ұлттық электр желісі (ҰЭЖ) ерекше маңызға ие.
Ұлттық электр желісі Қазақстан Республикасының өңірлері арасында электр байланыстарын қамтамасыз ете отырып, елдің бірыңғай синхронды жұмыс істейтін энергожүйесін қалыптастырады, сондай-ақ іргелес мемлекеттердің – Ресей Федерациясының, Қырғыз Республикасының және Өзбекстан Республикасының энергожүйелерімен мемлекетаралық электр байланыстарын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ҰЭЖ арқылы электр станцияларының электр энергиясын беруі және оның көтерме тұтынушыларға берілуі жүзеге асырылады, бұл осы инфрақұрылымды ел экономикасын сенімді электрмен жабдықтаудың негізгі элементіне айналдырады.
Ұлттық электр желісінің құрамына кіретін, кернеуі 220 кВ және одан жоғары қосалқы станциялар, тарату құрылғылары, сондай-ақ өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілері мен электр станцияларының электр энергиясын беруге арналған электр беру желілері «KEGOC» АҚ балансында тұр. Компания олардың пайдаланылуын, техникалық қызмет көрсетілуі мен дамуын жүзеге асыра отырып, бүкіл ел көлемінде және одан тысқары жерлерде электр энергиясын сенімді беруді қамтамасыз етеді.
Өңірлік деңгейдегі электр желілері Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің ішінде электр энергиясын беруді, сондай-ақ электр энергиясын бөлшек тұтынушыларға жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл желілер жергілікті жерлерде тарату инфрақұрылымының жұмыс істеуіне жауап беретін өңірлік электр желілік компаниялардың балансында және пайдалануында тұр.
Көтерме және бөлшек нарықтар шеңберінде электр энергиясын беруді энергия беруші ұйымдар шарттық негізде жүзеге асырады. Мұндай ұйымдар көтерме және бөлшек нарық тұтынушыларына, сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға қызметтер ұсына отырып, электр энергиясын өздерінің электр желілері арқылы не жалдау, лизинг, сенімгерлік басқару немесе пайдаланудың өзге де заңды нысандары құқығында пайдаланылатын желілер арқылы беруді қамтамасыз етеді.
Осылайша, «KEGOC» АҚ Ұлттық электр желісінің жұмыс істеуін, өңірлік және мемлекетаралық энергожүйелердің интеграциясын, сондай-ақ елдің Бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұтастай тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының электр энергиясын беру секторының орталық буыны ретінде көрінеді.
Электр энергиясының көтерме нарығы
Қазақстан Республикасының электр энергиясының көтерме нарығы заңнамада белгіленген модель негізінде жұмыс істейді және елдің Бірыңғай энергетикалық жүйесі шеңберінде электр энергиясын өндіруді, беруді, сатып алу-сатуды және теңгерімдеуді қамтамасыз ететін электр энергетикасы саласының негізгі қатысушыларын біріктіреді.
Электр энергиясының көтерме нарығының субъектілері
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша электр энергиясының көтерме нарығының субъектілері мыналар болып табылады:
- энергия өндіруші ұйымдар;
- энергия беруші ұйымдар;
- энергиямен жабдықтаушы ұйымдар;
- орташа тәуліктік (базалық) қуаттың кемінде 1 МВт, көлемінде көтерме нарықта электр энергиясын сатып алатын электр энергиясын тұтынушылар, оның ішінде цифрлық майнерлер мен гибридтік топтардың әкімшілері;
- жүйелік оператор оның функцияларын «KEGOC» АҚ жүзеге асырады;
- электр энергиясы мен қуатты орталықтандырылған сату операторы, оның функцияларын «КОРЭМ» АҚ орындайды;
- Электр энергиясының бірыңғай сатып алушысы – «ЖЭК жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС.
Электр энергиясының көтерме нарығы субъектілерінің тізбесін жүйелік оператор Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қалыптастырады және жүргізеді.
Көтерме нарықтың жұмыс істеу моделі
Көтерме нарықтың қолданыстағы моделі шеңберінде Электр энергиясының бірыңғай сатып алушысы тұрақты негізде энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын орталықтандырылған сатып алуды және оны электр энергиясын өндіру мен тұтынудың тәуліктік кестесіне енгізілген көлемдерде көтерме тұтынушыларға кейіннен өткізуді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінде өндіру мен тұтынудың нақты көлемдерінің жоспарлы мәндерден ауытқуларын (теңгерімсіздіктерді) қаржылық реттеу теңгерімдеуші нарықтың есеп айырысу орталығы оператор болып табылатын электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында жүзеге асырылады. Теңгерімдеуші нарық энергожүйенің экономикалық және технологиялық теңгерімін қамтамасыз ету бойынша негізгі функцияны атқаруын жалғастырады.
Көтерме нарықтың қолданыстағы моделі жағдайында электр энергиясын таратудың «атаулылығының», сондай-ақ электр энергиясын өндірушіден соңғы тұтынушыға жеткізудің нақты маршруттарын анықтаудың техникалық мүмкіндігінің болмауы сақталады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» Заңына сәйкес көтерме нарық субъектілеріне Бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын сатып алу-сату операцияларын жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ теңгерімдеуші нарыққа қатысу кезінде жүйелік оператор көрсететін Ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызмет қолданылуын жалғастырады.
«KEGOC» АҚ-ның көтерме нарықтағы рөлі
Көтерме нарықтың қолданыстағы әрі дами беретін моделі шеңберінде «KEGOC» АҚ мынадай негізгі функцияларды орындайды:
- энергожүйенің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті жүйелік қызметтерді көрсетеді;
- электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын басқарудың негізгі құралы болуын жалғастыратын теңгерімдеуші нарық жүйесінің жаңғыртылған аппараттық-бағдарламалық кешенінің ұстаушысы әрі операторы болып табылады;
- ранжирленген тізімнен нарық субъектілерінің бағалық өтінімдерін іске қосу арқылы, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергожүйелерімен ауытқуларды реттеу жөніндегі қолданыстағы шарттық қатынастар шеңберінде энергожүйедегі теңгерімсіздіктерді нақты реттеуді жүзеге асырады.