73%

Желінің сенімділігі

Қазақстан Республикасы үшін электр энергетикасы негізгі рөл атқарады, өйткені экономиканың базалық салалары – металлургия, мұнай-газ секторы және басқа да энергия сыйымды өндірістер – тұрақты электрмен жабдықтауға тікелей тәуелді. Энергожүйенің сенімді жұмысы экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен халықтың өмір сүру сапасының маңызды факторы болып табылады.

Бұл ретте ұзын әрі техникалық күрделі электр желісін пайдалану жабдықтың жұмысында технологиялық ауытқулардың туындауымен сөзсіз байланысты. Ұлттық электр желісі тәулік бойы режимде жұмыс істейтін және табиғи факторлардың, режимдік жүктемелердің және жабдықтың табиғи тозуының әсеріне ұшырайтын мыңдаған шақырым электр беру желілері мен қосалқы станцияларды қамтиды.

Электр энергетикасындағы технологиялық бұзылу – бұл жабдық немесе желі жұмысы параметрлерінің белгіленген нормативтерден бақыланатын ауытқуы, ол әдетте жергілікті сипатта болады, жедел түрде анықталады әрі жойылады және авариялар мен тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың тоқтауына әкелмейді. Мұндай оқиғаларды энергетиктер неғұрлым ауыр салдарлардың алдын алу және энергожүйенің сенімділігін арттыру мақсатында тіркейді әрі талдайды.

Технологиялық бұзылуларды тіркеу мен талдау сенімділікті басқару жүйесінің бөлігі болып табылады және Компанияға ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтауға, желі жұмысының тұрақтылығын арттыруға және тұтынушыларды үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2025 жылы Компанияда 42 технологиялық бұзылу тіркеліп, тексерілді, оның ішінде 1 авария, 1-ші дәрежелі 1 істен шығу және 2-ші дәрежелі 40 істен шығу, оның ішінде:

  • электр беру желілерінде 29 технологиялық бұзылу;
  • қосалқы станцияларда – 13 технологиялық бұзылу орын алды.

2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіштің

2,33%

жақсаруы байқалады

GRI 201-2

2025 жылы дүлей құбылыстардың әсерінен 26 технологиялық бұзылу орын алды (жалпы санның 62 %-ы).

Технологиялық бұзылулардың жіктеу белгілері бойынша бөлінуі

Желінің сенімділік деңгейін бағалау үшін халықаралық практикада мынадай көрсеткіштер қолданылады:

SAIDI (System Average Interruption Duration Index – орташа үзілу ұзақтығы) – жүйедегі бір үзілудің жылына минутпен орташа ұзақтығын сипаттайды.

GRI EU29, SASB IF-EU-550a.2

SAIFI (System Average Interruption Frequency Index – жүйедегі зақымданулардың пайда болуының орташа жиілігі) – тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың үзілуінің орташа жиілігін сипаттайды.

GRI EU28, SASB IF-EU-550a.2

Климаттың өзгеруі күшті жел мен жаңбыр, бұршақ, дауыл, циклон, құрғақшылық факторларын, сондай-ақ өрттер мен су тасқыны туындау тәуекелдерін қоса алғанда, Компанияның желілік объектілерінің сенімділігі үшін қауіп төндіретін ауыр әрі экстремалды ауа райы құбылыстарының барған сайын көп санын тудырады. Экстремалды ауа райы жағдайлары мен ауа температурасының өзгеруі жүйеге жүктеме түсуіне, тиімділіктің төмендеуіне және «KEGOC» АҚ тұтынушыларына қызмет көрсетудегі ықтимал үзілістерге әкелуі мүмкін.

Жағымсыз әсерлерге әлеуетті түрде әкелетін негізгі қолайсыз климаттық факторлар – күшті жел, найзағайлық кернеулердің артуы, ӘЖ сымдары мен найзағайдан қорғау арқандарында көктайғақ-қырау шөгінділерінің пайда болуы мен түсуі.

Компанияда жыл сайын Тәуекелдер тізілімі қалыптастырылады, оған, оның ішінде, климаттық факторлар енгізіледі. Оны қалыптастыру кезінде ауа райы жағдайларының өзгергіштігін, сондай-ақ экстремалды климаттық құбылыстардың жиілігі мен қарқындылығының артуын қоса алғанда, «KEGOC» АҚ кездесуі мүмкін әлеуетті сценарийлерге талдау жүргізіледі. Осы тәуекелдерді іске асырудың ықтимал салдарлары мыналарды қамтиды:

  • ҚС және ЭБЖ жабдығының істен шығуы;
  • тұтынушыларға электр энергиясын жеткізу көлемінің/сапасының төмендеуі;
  • электр энергиясын жеткіліксіз беру;
  • жабдықты қалпына келтіруге арналған күтпеген шығыстардың туындауы.

«KEGOC» АҚ Тәуекелдер тізілімі негізінде климаттық тәуекелдерді басқаруды жүзеге асырады. Компания желісінің сенімділігіне әсер ететін тәуекелдердің бірі – дүлей табиғи құбылыстардың әсерінен туындауы мүмкін «бірінші дәрежелі авариялар мен істен шығулардың туындау» тәуекелі. Бұл тәуекелді барынша азайту үшін Компания мынадай іс-шараларды жүргізеді:

  • персоналды авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу дағдыларына оқыту;
  • авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге көлік құралдары мен арнайы техниканың дайындығын қамтамасыз ету;
  • филиалдарды авариялық қормен жасақтау;
  • ҚС жабдығын сақтандыру;
  • аварияға қарсы жаттығулар жүргізу;
  • табиғи құбылыстардың Компанияның өндірістік активтеріне әсерін төмендету үшін инновацияларды енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу.

Сонымен қатар, желінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін бірінші дәрежелі авариялар мен істен шығулардың туындау негізгі тәуекелін төмендету мақсатында Компания 2025 жылы:

  • күштік электр жабдығының жоғары вольтты кірмелерін ауыстыруды;
  • сараптамалық ұйымдарды тарта отырып, ҚС және ЭБЖ жабдығын техникалық куәландыруды;
  • сараптамалық ұйымдарды тарта отырып, ҚС және ЭБЖ жабдығының жай-күйіне техникалық сараптама жүргізуді;
  • активтерді жаңғырту мен реконструкциялауды;
  • электр желілеріндегі технологиялық бұзылуларды талдауды жүзеге асырды.

Төтенше жағдайларға ден қою

Климаттың өзгеруі мен табиғи факторлардың – су тасқыны, күшті жел, жер сілкінісі мен эпидемиялар сияқты – әсері төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін жасауы мүмкін. Бұл тәуекелдерді барынша азайту үшін «KEGOC» АҚ персоналды даярлауға және объектілердің техникалық дайындығына ерекше назар аударады.

Компания бекітілген жылдық кесте бойынша аварияға қарсы жаттығуларды тұрақты түрде жүргізеді, сондай-ақ су тасқынын, дауылдар мен жер сілкіністерін қоса алғанда, дүлей зілзалалардың салдарын жою бойынша іс-қимылдар пысықталатын «Көктем», «Қыс» және «Жер» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына қатысады. Жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке қорғану құралдарын сатып алу мен жаңарту жүзеге асырылады.

Қызметтің үздіксіздігін және ауқымды төтенше жағдайларға ден қоюға дайындықты қамтамасыз ету мақсатында Компанияда мыналар әзірленді әрі қолданылады:

  • аварияларды жою жоспарлары;
  • «KEGOC» АҚ қызметінің ерекшелігін ескеретін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарлары.

Аварияларды жою жоспарлары штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде персонал іс-қимылдарының тәртібі мен реттілігін, жауапкершіліктің бөлінуін және қажетті ресурстарды айқындайды. Олар тұрақты өртке қарсы және аварияға қарсы жаттығулар барысында практикалық тұрғыдан пысықталады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі іс-қимыл жоспарлары мерзімдер мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, ТЖ-ның алдын алу бойынша да, салдарын жою бойынша да іс-шараларды қамтиды. Компания объектілері үшін ең ықтимал тәуекел – өрт, сондай-ақ өзге де штаттан тыс жағдайлар. Бұдан басқа, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға және мүліктің сақталуына бағытталған террористік сипаттағы қатерлерге ден қою шаралары көзделген.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде жұмыскерлерді уақтылы хабардар ету үшін жалпы ден қою жүйесінің бөлігі болып табылатын байланыс және хабарлау жоспарлары, сондай-ақ өрт сөндіру жоспарлары пайдаланылады.

Төтенше жағдайларда іс-қимылға дайындықты тексеру үшін «KEGOC» АҚ жыл сайын республикалық оқу-жаттығуларға қатысады, сейсмикалық белсенділігі жоғары өңірлерде (елдің оңтүстігі, шығысы және батысы) объектілік жаттығулар мен сейсмикалық жаттығулар жүргізеді. Мұндай іс-шаралар барысында жоспарлардың тиімділігі, персонал іс-қимылдарының үйлесімділігі және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын орындауға дайындық бағаланады.

1-стратегиялық мақсатқа қол жеткізу:

  • Grid Аvailabilityy (GA немесе Электр желісінің қолжетімділігі, есепті жыл ішінде %-бен өлшенеді);
  • AIT (Аverage Interruption Time – үзілістің орташа ұзақтығы, минутпен).

2025 жылдың қорытындысы бойынша Компания жоспарлаған «KEGOC» АҚ стратегиялық ҚНК-ге қол жеткізілді.

2025 жылы стратегиялық ҚНК-нің орындалуы

ҚНК атауы 2021 (нақты) 2022 (нақты) 2023 (нақты) 2024 (нақты) 2025 (мақсат) 2025 (нақты)
GA, % индикаторлар 2021 жылдың желтоқсанында айқындалды 99,99987 99,99988 99,99987 99,99879 99,99986
AIT, мин. 0,682 0,657 0,671 6,347 0,717