Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі
«KEGOC» АҚ-да ISO 31000 халықаралық стандарттарының қағидаттары негізінде, сондай-ақ Тредвей комиссиясының
демеуші ұйымдары комитеті әзірлеген тәуекелдерді басқарудың жалпы қабылданған тұжырымдамалық модельдері – COSO
ERM «Ұйым тәуекелдерін басқару. Интеграцияланған модель» және «Самұрық-Қазына» АҚ талаптары негізінде
қалыптастырылған тәуекелдерді басқару жүйесі табысты енгізілді және жұмыс істейді.
Корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесі корпоративтік басқару жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болып
табылады және тәуекелдерді уақтылы сәйкестендіруге, оларды бағалауға, негізгі корпоративтік тәуекелдерді
мониторингтеуге және басқаруға, сондай-ақ тәуекелге бағдарланған тәсілді Компанияның стратегиялық және
операциялық процестеріне интеграциялауға бағытталған.
Қолданыстағы корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесінің мақсаты – ішкі және сыртқы теріс факторлардың
«KEGOC» АҚ қызметіне әсер ету дәрежесін шектеу арқылы қызметтің үздіксіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Тәуекелдерді басқару жүйесінің негізгі қағидаттары:
- Компания басшылығының тәуекелдерді басқаруға тартылуы;
- тәуекелдерді басқару жүйесін тұрақты жетілдіру;
- Компания жұмыскерлерінің тәуекелдерді басқару саласында үздіксіз оқуы және білім алмасуы;
- есептілік ұсыну және тәуекелдерді эскалациялау кезінде ашықтық пен адалдық.
Тәуекелдерді басқару жүйесінің міндеттері:
- «KEGOC» АҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау және басқару бойынша бірыңғай әрі дәйекті тәсілдерді әзірлеу және қолдану, тәуекелдер туралы ақпарат алмасу рәсімдерін тігінен (басқару) және көлденеңінен (тәжірибе алмасу) жеңілдету;
- туындайтын тәуекел оқиғаларына жедел ден қою, сыртқы және ішкі ортадағы өзгерістерді қадағалау;
- тәуекелдерді қолайлы деңгейге дейін төмендету не үшінші тараптарға беру (аутсорсинг, сақтандыру, хеджирлеу) немесе тәуекелден бас тарту мақсатында тәуекелдерді басқару жөніндегі мақсатты қызметті ұйымдастыру;
- «KEGOC» АҚ тәуекелдері туралы ақпаратты жүйелеу және одан әрі жинақтау, «KEGOC» АҚ-ның басқарылу деңгейін арттыру;
- корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін арттыру арқылы «KEGOC» АҚ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және «KEGOC» АҚ-ның қойылған стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу.
Корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесі «KEGOC» АҚ-ның басқарушылық шешімдер қабылдау процесін және
күнделікті операциялық қызметін қолдайтын құрал болып табылады.
«KEGOC» АҚ-дағы тәуекелдерді басқару процесі тұрақты, циклдік (үздіксіз), көп бағытты болып табылады және
мынадай құрамдас бөліктерден тұрады:
- Ішкі орта;
- Мақсат қою;
- Тәуекелдерді анықтау;
- Тәуекелдерді бағалау, оның ішінде тәуекел-аппетитті айқындау;
- Тәуекелдерді басқару, оның ішінде негізгі тәуекел көрсеткіштерін және төзімділік деңгейін айқындау;
- Бақылау;
- Ақпарат және коммуникация;
- Мониторингтеу.
Тәуекелдерді басқару процесінің жоғарыда аталған құрамдас бөліктерін іске асыру тәуекелдерді басқару
мәдениетін (тәуекел мәдениетін) дамытуға ықпал етеді. Ол тәуекел-менеджменттің негізі болып табылады және
лауазымды тұлғалар мен жұмыскерлердің өз міндеттерін орындау кезінде бөлісетін және қолданатын тәуекелдерді
басқару саласындағы сенімдерінен, түсінігі мен білімінен тұрады.
Тәуекел мәдениеті корпоративтік мәдениеттің бір бөлігі болып табылады. Тәуекел мәдениетінің деңгейі
тәуекелдердің Даму жоспарын әзірлеу сәтінен бастап оны іске асыруға және тиімділігін мониторингтеуге дейін
қалай анықталатынын, бағаланатынын және басқарылатынын айқындайды.
Тәуекел мәдениеті мынадай қағидаттарға негізделеді:
- Басшылықтың ұстанымы: шешімдер қабылдау кезінде ұзақ мерзімді құн, табыстылық және шешім қабылдаумен де, шешім қабылдамаумен де байланысты тәуекелдер арасындағы оңтайлы теңгерім негізге алынады, басшылық бағынысты жұмыскерлердің тәуекелге бағдарланған мінез-құлқын көтермелейді.
- Корпоративтік басқару: «KEGOC» АҚ қызметі жұмыскерлердің Саясат пен барлық ішкі нормативтік құжаттардың сақталуы міндетті екенін түсінуін қамтамасыз ететін бақылау ортасын қалыптастыруға бағытталған. «KEGOC» АҚ-ның барлық лауазымды тұлғалары мен жұмыскерлері тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау бойынша өз жауапкершілік аймағы мен өкілеттіктерін нақты түсінеді. Тәуекел иелері өз құзыреті шеңберінде тәуекелдерді түсінеді, оларды басқарады және «KEGOC» АҚ-ның ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес тәуекелдер туралы тиісінше ақпарат береді.
- Шешімдер қабылдау: ішкі орта коммуникациялардың ашықтығымен және тәуекелдер туралы ақпараттың айқындығымен сипатталады, бұл жұмыскерлер мен басшылық арасында ілеспе тәуекелдер мен әлеуетті мүмкіндіктерді ашық әрі конструктивті талқылауға ықпал етеді және сыртқы сын-қатерлерге жауап ретінде бірлесіп тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
- Сыйақы жүйесі: Сыйақы беру жүйесі барлық деңгейлерде басқарушылық шешімдер қабылдау процесінде басшылық пен жұмыскерлердің тәуекелге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру үшін қаржылық және қаржылық емес ынталандыру құралдарын пайдаланады. Тәуекел-мәдениеті дамыған жағдайда қабылданатын шешімдер тәуекел-тәбетпен нақты айқындалады.
- Құзыреттілік: «KEGOC» АҚ-ның ұйымдық құрылымы «үш қорғаныс желісі» моделіне негізделеді. Тәуекелдер жөніндегі бөлімше екінші қорғаныс желісінің рөлін тиімді орындайды, сол арқылы Басшылықтың «KEGOC» АҚ мақсаттарына қол жеткізуге деген сенімділігін арттырады.
Басқарма мен Директорлар кеңесі үшін тәуекел мәдениетінің деңгейі туралы ақпарат көздерінің бірі корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалау жөніндегі құжаттар, сондай-ақ Компаниядағы корпоративтік басқаруды диагностикалау жөніндегі есептер болып табылады.
Компанияда тәуекел мәдениетін арттыру мақсатында жаңадан қабылданған жұмыскерлер үшін Компанияның корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесі саласында нұсқама/семинар өткізіледі. Директорлар кеңесінің мүшелері мен Компания менеджменті жыл сайын жоғары буын басшыларына арналған тәуекелдерді басқару жөніндегі мамандандырылған семинарлар мен тренингтерге міндетті түрде қатысады. Бұл міндеттеме Компанияның ішкі құжаттарында бекітілген. Осылайша, 2025 жылы Директорлар кеңесінің мүшелері мен менеджмент үшін «Тәуекелдерді басқару: санкциялық, қаржылық және өзге де тәуекелдер» тақырыбында оқыту өткізілді.
Компанияда тәуекел мәдениетінің даму деңгейін бақылау үшін 2025 жылы жұмыс орнында тәуекел-менеджментті пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында жұмыскерлерге сауалнама жүргізілді / корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесі саласындағы білімдері тестіленді. Бұдан басқа, «KEGOC» АҚ жұмыскерлерінің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелері бойынша біліміне тестілеу жүргізілді, оны тестілеуге қатысқандардың барлығы сәтті өтті.
КТБЖ-ның ұйымдық құрылымы
КТБЖ қатысушыларының функциялары мен жауапкершілігі:
| КТБЖ қатысушылары | Функциялары мен жауапкершілігі |
|---|---|
| Директорлар кеңесі |
|
| Аудит жөніндегі комитет |
|
| Ішкі аудит қызметі |
|
| Басқарма |
|
| «KEGOC» АҚ құрылымдық бөлімшелері, филиалдары және еншілес ұйымдары – тәуекел иелері |
|
| Комплаенс қызметі |
|
| Тәуекелдер жөніндегі комитет |
|
| Тәуекелдерді басқаруға жауапты құрылымдық бөлімше |
|
Директорлар кеңесі мен Басқарма өз функцияларын орындау кезінде корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде өзара іс-қимыл жасайтын «Үш қорғаныс желісі» моделіне сүйенеді.
Бірінші қорғаныс желісін өз құзыреті шеңберінде әрбір жұмыскердің атынан құрылымдық бөлімшелер құрайды.
Екінші қорғаныс желісін мониторингтік функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелер құрайды.
Үшінші қорғаныс желісін тиімділікті тәуелсіз бағалауды жүргізетін, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылауды жетілдіруге ықпал ететін, сондай-ақ Аудит жөніндегі комитет пен Директорлар кеңесіне қолдау көрсетіп, оларға КТБЖ мен ішкі бақылаудың тиімділігі туралы тәуелсіз бағалауды ұсынатын Ішкі аудит қызметі құрайды.
«KEGOC» АҚ Даму жоспарының (Стратегиясының), «KEGOC» АҚ Іс-шаралар жоспарының (Бизнес-жоспарының) мақсаттарына, міндеттеріне, көрсеткіштеріне қол жеткізуге және іс-шараларын орындауға теріс әсер етуі мүмкін қолданыстағы тәуекелдерге талдау жүргізу және жаңа тәуекелдерді анықтау тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Тәуекелдерді сәйкестендіру кезінде мынадай әдістер қолданылады:
- бизнес-процестерді талдау;
- статистикалық деректерді жинау және талдау;
- жеке сараптамалық әдістер (сауалнама жүргізу, сұхбат);
- топтық әдістер (ойталқы, іскерлік ойын);
- жарияланымдар мен сөз сөйлеулерге мониторинг жүргізу.
Сондай-ақ тәуекелдер Басқарма мен Директорлар кеңесінің отырыстарына шығарылатын мәселелерді қарау кезінде, сыртқы ортадағы өзгерістер кезінде, «KEGOC» АҚ-дағы процестер, рәсімдер, ұйымдық құрылым және т.б. өзгерген жағдайда анықталуы мүмкін.
Жаңа технологиялық қызметтерді, цифрлық жүйелер мен сервистерді әзірлеу кезінде KEGOC реттеушілік, техникалық, ESG, құқықтық және операциялық тәуекелдерді қамтитын алдын ала талдау жүргізеді.
Тәуекелдер ағымдағы жылдың Басқарма мүшелерінің, басқарушы жұмыскерлердің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының қолданыстағы мақсаттары (ҚНК) негізінде сәйкестендіріледі, олар «KEGOC» АҚ-ның стратегиялық мақсаттары негізінде қалыптастырылған.
Тәуекелдерді түгендеу процесінде қатар жүргізілетін тәуекелдерді бағалау барысында осы тәуекелдерді басқару тәсілдері де айқындалады.
Тәуекелдерді бағалау шеңберінде тәуекелдің мынадай параметрлері бағаланады:
- тәуекелдің әсері (мөлшері);
- тәуекелдің іске асу ықтималдығы (жиілігі);
- әсер ету уақыты.
Тәуекелдерді бағалау кезінде сапалық немесе сандық талдау не олардың комбинациясы қолданылады, оның ішінде:
- географиялық факторларды;
- салалық ерекшеліктерді;
- сезімталдықты;
- қаржылық және операциялық тәуекелдер бойынша стресс-тестілеуді және т.б. талдау.
Тәуекелдің іске асу ықтималдығын, әсерін және әсер ету уақытын бағалау «KEGOC» АҚ-да белгіленген тәуекелдерді бағалау критерийлеріне сәйкес жүргізіледі. Тәуекелдерді бағалау процесінің нәтижелері Тәуекелдер картасына енгізіледі, онда әрбір тәуекелдің салыстырмалы маңыздылығы көрнекі түрде көрсетіледі. Тәуекелдер төмен, орташа, ірі және критикалық деңгейлерге бөлінеді.
Барлық анықталған тәуекелдер бойынша алдын алу және ден қою іс-шаралары әзірленеді, оларды Директорлар кеңесі бекітеді. Негізгі тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-шаралар тәуекелдердің алдын алуға және/немесе тәуекелдер іске асқан жағдайда олардың салдарын барынша азайтуға бағытталған.
Директорлар кеңесі анықталған барлық тәуекелдерді, олардың бағалануын және іс-шараларды Басқарма мен Аудит жөніндегі комитеттің алдын ала қарауынан кейін бекітеді.
Тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау нәтижелері Компанияның 2025 жылға арналған Тәуекелдер тізіліміне жинақталды, оған 49 тәуекел енгізілді. Әрбір тәуекел бойынша оларды басқару жөніндегі іс-шаралар әзірленіп, тәуекел иелері айқындалды. Компанияның Басқармасы мен Директорлар кеңесіне тәуекелдер бойынша тоқсан сайынғы есептілікті жолдау арқылы негізгі тәуекелдердің динамикасына және оларды төмендету жөніндегі іс-шаралардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
ESG маңыздылығын бағалау арқылы анықталған барлық маңызды тақырыптар негізгі корпоративтік тәуекелдермен салыстырылады және тәуекелдер тізіліміне енгізіледі. Бұл маңызды тақырыптар жылдық тәуекелдерді анықтау және басымдық беру циклі үшін кіріс ретінде пайдаланылады.
«KEGOC» АҚ-ның есепті жыл үшін ең маңызды және өзекті тәуекелдері:
| Тәуекел атауы | Тәуекел факторлары | Іс-шаралар |
|---|---|---|
| Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаның туындау тәуекелі |
|
|
| Көрсетілген жүйелік қызметтер үшін мерзімі өткен дебиторлық берешектің өсу тәуекелі |
|
|
| Бірінші дәрежелі авариялар мен істен шығулардың туындау тәуекелі |
|
|
| Ақпараттық қауіпсіздік тәуекелі |
|
|
| Іс-шаралар жоспарында (Бизнес-жоспарда) көрсетілген инвестициялық бағдарламаның орындалмау тәуекелі |
|
|
| Қазақстан БЭЖ-інің Оңтүстік аймағында қуат тапшылығының туындау тәуекелі |
|
|
| Компания акциялары құнының SPO-да орналастыру бағасынан төмендеуі |
|
|
Негізгі тәуекелдерді басқару бойынша неғұрлым толық ақпарат осы есептің Компания қызметінің бағыттары және стратегиялық мақсаттарын іске асыру бойынша тиісті бөлімдерінде ашылған.
Туындайтын тәуекелдер
Негізгі тәуекелдерге қосымша Компания сәйкестендіру кезеңінде тұрған және/немесе болашақта едәуір өсуі мүмкін, Компания қызметіне елеулі әсер етуге қабілетті әрі оның қызметіне әлеуетті түрде ұзақ мерзімді (3–5 жыл) елеулі әсер ететін жаңа туындайтын тәуекелдерді қарастырды.
| Жаңа туындайтын тәуекел атауы | Жасанды интеллектімен байланысты тәуекел | ЖЭК пен бөлінген генерацияның жедел өсуіне байланысты ҰЭТ тұрақсыздығы тәуекелі |
|---|---|---|
| Санаты | Операциялық тәуекел | Операциялық тәуекел |
| Сипаты | «KEGOC» АҚ-да ЖИ енгізу және пайдалану тәуекелінің іске асуына кадрлық, ұйымдастырушылық, технологиялық және құқықтық факторлар әкелуі мүмкін. Оларға білікті мамандардың және персоналды оқытудың жеткіліксіздігі, ішкі саясаттардың және жауапкершілікті бөлудің болмауы, ЖИ-ді бизнес-процестерге дұрыс интеграцияламау, қате немесе ашық емес алгоритмдер, сапасыз немесе бұрмаланған деректерді пайдалану, энергия жүйесінің стандартты емес жұмыс режимдеріндегі іркілістер жатады. Киберқауіптер (шабуылдар, деректерді алмастыру, ақпараттың сыртқа шығуы), дербес деректер және зияткерлік меншік туралы заңнаманы бұзу тәуекелдері, сондай-ақ ЖИ шешімдері үшін құқықтық жауапкершіліктің белгісіздігі елеулі мәнге ие. | ЖЭК пен бөлінген генерацияның жедел өсуі Қазақстан БЭЖ-інің жүйелік операторы ретінде «KEGOC» АҚ үшін ҰЭТ тұрақтылығы мен басқарылуының төмендеу тәуекелін қалыптастырады. ЖЭК-тің құбылмалы және ауа райы жағдайларына тәуелді электр энергиясын өндіруі нақты уақыт режимінде электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгеруді күрделендіреді, қуат резервтері мен жиілік пен кернеуді реттеу жүйелеріне қойылатын талаптарды арттырады. Жаңа объектілерді қосу желінің шамадан тыс жүктелуіне, энергия жүйесі инерциясының төмендеуіне және технологиялық бұзылыстар ықтималдығының артуына әкелуі мүмкін. Қосымша сын-қатерлер желілік инфрақұрылымның өткізу қабілетінің шектеулі болуымен және болжау мен диспетчерлік басқару жүйелерін жаңғырту қажеттілігімен байланысты. |
| Әсері | Әлеуетті түрде: Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесін басқару сенімділігінің төмендеуі, операциялық іркілістердің туындауы және технологиялық тәуекелдердің өсуі; инциденттердің салдарын жоюға арналған қосымша шығындарды және реттеуші органдар тарапынан айыппұл санкцияларын қоса алғанда, қаржылық шығындар; киберинциденттер, құпия ақпараттың сыртқа шығуы және деректердің бұзылуы; заңнама талаптары сақталмаған жағдайда сот даулары және реттеушілік шектеулер; беделдік шығындар, мемлекет, инвесторлар және өзге де мүдделі тараптар тарапынан сенімнің төмендеуі. | Әлеуетті түрде: технологиялық бұзылыстар санының артуы, жиілік пен кернеудің ауытқуы және диспетчерлік қызметтерге түсетін жүктеменің жоғарылауы; қуат теңгерімін қолдау, резервтерді тарту және жүйелік қызметтер көрсету бойынша операциялық шығындардың өсуі; желілік инфрақұрылымды, цифрлық болжау жүйелерін және жұмыс режимдерін басқару жүйелерін жаңғырту мен дамытуға қосымша күрделі қаржы салымдарының қажеттілігі; жаңа генерация объектілерін қосуға ықтимал шектеулер және электрмен жабдықтау сапасының төмендеуі, бұл қаржылық көрсеткіштерге, инвестициялық жоспарларға және мемлекет пен өзге де мүдделі тараптар тарапынан сенім деңгейіне әсер етуі мүмкін. |
| Тәуекелді төмендету жөніндегі іс-шаралар |
|
|
«KEGOC» АҚ-ның ішкі бақылау жүйесі (ІБЖ) COSO моделін пайдаланады және өзара байланысты бес құрамдас бөлікті қамтиды: бақылау ортасы, тәуекелдерді бағалау, бақылау рәсімдері, ақпарат және коммуникациялар, мониторинг.
«KEGOC» АҚ ішкі бақылау жүйесінің саясаты ішкі бақылауды ішкі бақылау жүйесінің қатысушылары үш негізгі сала бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізу мақсатында жүзеге асыратын процесс ретінде айқындайды:
- операциялық қызмет;
- қаржылық есептілікті дайындау;
- нормативтік және заңнамалық талаптарды сақтау.
ІБЖ Компанияның процестік тәуекелдерге жедел ден қоюға, негізгі және қосалқы бизнес-процестер мен күнделікті операцияларға бақылау жүргізуге, сондай-ақ кез келген елеулі кемшіліктер мен жақсарту салалары туралы тиісті деңгейдегі басшылықты дереу хабардар етуге қабілетті басқару жүйесін құруын көздейді.
«KEGOC» АҚ ішкі бақылау жүйесі бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу регламентіне сәйкес ІБЖ құрамына кіретін органдардың құзыреті олардың ІБЖ-ні әзірлеу, бекіту, қолдану және тиімділігін бағалау процестеріндегі рөліне қарай бөлінеді. Компанияның Директорлар кеңесі мен Басқармасы өз функцияларын орындау кезінде «Үш қорғаныс желісі» моделіне сүйенеді. ІБЖ қатысушылары – Директорлар кеңесі, Басқарма, Аудит жөніндегі комитет, Ішкі аудит қызметі, бизнес-процестер мен қосалқы процестердің иелері болып табылатын құрылымдық бөлімшелер, бақылау рәсімдерін орындаушылар, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау үшін жауапты құрылымдық бөлімше.
Компанияда тұрақты негізде бақылау рәсімдерінің дизайнын бағалау жүргізіледі, оның шеңберінде қолданыстағы бизнес-процестер талданады.
Бұл жұмыс процестік тәуекелдерді сәйкестендіру мен бағалауды, ішкі нормативтік құжаттар мен блок-схемаларды талдауды, сондай-ақ бақылау рәсімдерінің тиімділігін бағалауды қамтиды. Дизайнды бағалау қорытындысы бойынша тәуекелдер мен бақылау рәсімдерінің матрицасы бизнес-процесс иесімен келісіліп, бекітіледі, сондай-ақ бизнес-процесті жақсарту бойынша ұсынымдар беріледі.
Ішкі аудит қызметі ІБЖ тиімділігін тікелей бағалауға, бақылау рәсімдерінің операциялық тиімділігін тестілеуге, Аудит жөніндегі комитет пен Директорлар кеңесіне тиісті есептілікті қалыптастыруға және ұсынуға жауапты.
Компанияда жыл сайын Компанияның бизнес-процестер тізілімі негізінде бақылау рәсімдерінің дизайнын бағалау жоспары бекітіледі, оның шеңберінде бақылау рәсімдері дизайнының тиімділігіне талдау жүргізіледі. Осы талдау нәтижелері бойынша оларды жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен жақсарту салалары әзірленеді.
Компанияда қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету жүйесі енгізілген, оның шеңберінде қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету жоспарларын әзірлеуді талап ететін бизнес-процестер/қосалқы процестер айқындалады. 2025 жылы Компанияның сыни бизнес-процестер/қосалқы процестерін айқындау бойынша жұмыс жүргізілді, олар үшін қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету жоспарлары әзірленіп, тестіленді, атап айтқанда жүйелік оператордың техникалық диспетчерлендіру жөніндегі қызметтерін көрсету, еңбекті қорғау саласындағы қауіпсіздікті және жабдық жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету, АТК қызметтерін ұсыну және қолдау, ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін басқару және төтенше жағдайлар туындаған кезде «KEGOC» АҚ қызметін жүзеге асыру үшін.
Компанияда жыл сайын «KEGOC» АҚ Ішкі аудит қызметі Компанияның Директорлар кеңесіне ұсынылатын корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесі мен ІБЖ тиімділігін бағалайды. Ішкі аудит қызметі 2025 жылы жүргізген бағалау нәтижелері бойынша ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйелері Компания мақсаттарына қол жеткізуге негізді кепілдіктер беретін жол берілетін нысанда жұмыс істейді. Барлық анықталған сәйкессіздіктер бойынша Ішкі аудит қызметінің ұсынымдары негізінде тиісті түзету іс-шараларының жоспарлары әзірленді, олардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізіледі.