Өндірістік қызмет
GRI 2-6, SASB IF-EU-000.B
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы қызметін жүзеге асырады және мынадай негізгі өндірістік қызмет түрлерін орындайды:
- Ұлттық электр желісі (ҰЭЖ) бойынша электр энергиясын беру;
- Ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызметтер көрсету;
- электр энергиясын желіге беруді және оны тұтынуды техникалық диспетчерлеу;
- электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру.
Аталған қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Осыған байланысты «KEGOC» АҚ қызметі Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңымен және жүйелік қызметтерді көрсету тәртібін әрі олардың сенімділігі мен сапасына қойылатын талаптарды айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Жүйелік оператор функцияларын жүзеге асыра отырып, Компания Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған басқаруды, электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну процестерін үйлестіруді, сондай-ақ энергожүйеде қуат пен жиілік теңгерімін ұстап тұруды қамтамасыз етеді.
Сапа менеджменті жүйесі
Жүйелік оператор функцияларын тұрақты әрі сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін «KEGOC» АҚ-да ISO 9001 халықаралық стандартының талаптарына негізделген сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) енгізілді әрі жұмыс істейді. СМЖ Компанияның біріктірілген менеджмент жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және негізгі өндірістік әрі басқарушылық процестерді қамтиды.
Сапа менеджменті жүйесінің қолданылу аясы электр энергетикасы саласында жүйелік оператор функцияларын орындауды, оның ішінде:
- электр энергиясының көтерме нарығы субъектілеріне Ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі жүйелік қызметтерді көрсетуді;
- техникалық диспетчерлеуді жүзеге асыруды;
- электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыруды қамтиды.
Сапа менеджменті жүйесінің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау мақсатында 2025 жылы «KEGOC» АҚ-да 2023 жылғы сертификаттау аудитінің нәтижелері бойынша ұйымдастырылған қадағалау аудиті жүргізілді. Аудитті тәуелсіз сертификаттау органы MS CERTIFICATION SERVICES PRIVATE LIMITED (Үндістан) жүргізді.
Қадағалау аудитінің қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ сапа менеджменті жүйесінің ISO 9001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігі расталды.
Электр энергиясын беру
SASB IF-EU-000.B
Ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтердің 2025 жылғы нақты көлемі – 18,39 млрд кВт·сағ құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден 0,57 млрд кВт·сағ-қа немесе 3,0 %-ға төмен, бұл Қазақстан Республикасының көтерме нарық субъектілеріне арналған көлемдердің азаюына байланысты.
2025 жылы «KEGOC» АҚ желілері арқылы электр энергиясының мемлекетаралық берілуі (транзиті) жүзеге асырылды:
- Ресей – Қазақстан – Ресей маршруты бойынша;
- Ресей – Қазақстан – Қырғызстан маршруты бойынша.
Электр энергиясын транзиттеу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 6,9 млрд кВт·сағ құрады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының энергожүйесінен Қырғыз Республикасына 1,4 млрд кВт·сағ көлемінде электр энергиясының экспорты жүзеге асырылды.
Техникалық диспетчерлеу
SASB IF-EU-000.B
2025 жылы электр энергиясын желіге беруді және тұтынуды техникалық диспетчерлеу бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 116,7 млрд кВт·сағ құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден 5,9 млрд кВт·сағ-қа немесе 5,3 %-ға жоғары, бұл Қазақстан Республикасының көтерме нарығында электр энергиясын өндіру көлемдерінің өсуіне байланысты.
ҰЭЖ-ді пайдалану
SASB IF-EU-000.B
2025 жылы ҰЭЖ-ді пайдалану бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 78,05 млрд кВт·сағ құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден 3,1 млрд кВт·сағ-қа немесе 4,2 %-ға жоғары, бұл Қазақстан Республикасының көтерме нарығында электр энергиясын тұтынудың өсуіне байланысты.
Электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру
SASB IF-EU-000.B
2025 жылы электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 228,3 млрд кВт·сағ құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден 18,0 млрд кВт·сағ-қа немесе 8,6 %-ға жоғары, бұл Қазақстан Республикасының көтерме нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың өсуіне байланысты.
Электр энергиясын сатып алу-сату операциялары
SASB IF-EU-000.E
«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Жүйелік операторы функцияларын орындайды, оның ішінде іргелес мемлекеттердің энергожүйелерімен өзара іс-қимыл жасауға және энергожүйелердің тұрақты қатарлас жұмысын қамтамасыз етуге жауап береді.
Қазақстан Республикасының БЭЖ-індегі электр энергиясын тұтыну тәулік ішінде біркелкі емес:
- түнгі сағаттарда ол ең аз мөлшерде;
- таңертең артады;
- ең жоғары мәндерге кешкі сағаттарда қол жеткізіледі.
Бұл ретте елдің генерациялаушы қуаттарының едәуір бөлігі негізінен базалық режимде жұмыс істейтін және өндіру көлемдерін жедел өзгерте алмайтын жылу электр станцияларына тиесілі. Нәтижесінде энергожүйе сұраныстың ауытқуларын әрқашан өздігінен жаба алмайды, бұл электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасындағы теңгерімсіздіктерге әкеледі.
Қазақстан Республикасының БЭЖ-індегі маневрлік генерациялаушы қуаттардың жетіспеу жағдайы мыналармен де ушығады:
- маневрлік генерациялаушы қуаттардың шектеулі көлемі;
- электр станциялары жабдықтарының авариялық тоқтауы;
- өндірудің тұрақсыздығы тән жаңартылатын энергия көздері үлесінің өсуі.
Мұндай жағдайларда Қазақстан Республикасының БЭЖ-індегі жиілік пен электр энергиясы теңгерімін ұстап тұру, оның ішінде Ресей Федерациясының энергожүйесімен қатарлас жұмыс есебінен қамтамасыз етіледі.
Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2023 жылғы 9 қарашадағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының біртұтас энергетикалық жүйелерінің параллельді жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімге сәйкес, «KEGOC» АҚ мен ресейлік шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында энергия жүйелерінің параллельді жұмысы кезінде тараптардың негізгі техникалық және қаржылық міндеттемелерін регламенттейтін шарттар жасасылды:
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының электр энергетикалық жүйелерінің параллельді жұмысы туралы шарт («KEGOC» АҚ, «Россети» ЖАҚ және «СО БЭЖ» АҚ);
- Қазақстанның ҰЭЖ арқылы ресейлік электр энергиясын жеткізу (транзит) бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт («KEGOC» АҚ – «Россети» ЖАҚ);
- Ресейдің БЭЖ-мен шекарада Қазақстанның БЭЖ электр энергиясының мемлекетаралық сальдо-ағындарының нақты сағаттық ауытқу шамаларын жоспарлы шамалардан өтеу үшін электр энергиясын сатып алуға және сатуға арналған шарттар («KEGOC» АҚ – «Интер РАО» ЖАҚ).
Жасалған шарттарға сәйкес, параллельді жұмыс шеңберінде Ресейдің энергия жүйесі Қазақстанның БЭЖ-індегі өндіріс пен тұтыну арасындағы сағаттық ауытқуларды өтей отырып, Қазақстанның БЭЖ-індегі жиілікті ұстап тұрады, ал «KEGOC» АҚ Қазақстанның ҰЭЖ арқылы ресейлік электр энергиясының транзитін қамтамасыз етеді.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Энергия жүйелерінің параллельді жұмысы туралы келісімге сәйкес, «KEGOC» АҚ мен Орталық Азияның шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында энергия жүйелерінің параллельді жұмысы кезінде тараптардың негізгі техникалық және қаржылық міндеттемелерін регламенттейтін шарттар жасасылды:
- жоспардан тыс ағындарды реттеуге электр энергиясын сатып алу және сату шарттары («KEGOC» АҚ – «НЭСК» ААҚ, «KEGOC» АҚ – «Узэнергосотиш» АҚ);
- Қазақстанның ҰЭЖ арқылы электр энергиясын жеткізу (транзит) бойынша қызметтер көрсету шарттар («KEGOC» АҚ – «НЭСК» ААҚ, «KEGOC» АҚ – «СОЛАРКОИН» ЖШҚ);
- қуатты (жиілікті) реттеу бойынша өзара қызмет көрсету шарттары («KEGOC» АҚ – «НЭСК» ААҚ, «KEGOC» АҚ – «Узэнергосотиш» АҚ).