73%

Климаттың өзгеруі

Климаттың өзгеруі және төмен көміртекті дамуға көшу қажеттігі қазіргі заманның негізгі сын-қатерлерінің бірі болып табылады. Парниктік газдардың антропогендік шығарындыларынан туындаған жаһандық жылыну ғылыми қоғамдастық тарапынан факт ретінде танылды. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының Алтыншы бағалау баяндамасының (МГЭИК, 2023) деректері бойынша, 2011 жылдан 2020 жылға дейінгі онжылдық соңғы 125 000 жылдағы ең жылы кезең болды. Климаттық өзгерістер су ресурстарына, азық-түлік қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына және экономикалық белсенділікке қазірдің өзінде елеулі әсер етуде.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) болжамы бойынша 98 % ықтималдықпен 2023–2027 жылдар кезеңі метеорологиялық бақылаулардың бүкіл тарихындағы ең ыстық кезең болады. Бұл үрдістер экожүйелердің осалдығын арттырады және бейімделу мен шығарындыларды азайту жөніндегі шұғыл әрі ауқымды шараларды қабылдауды талап етеді.

Тәуекелдермен қатар, экологиялық ауысу неғұрлым тұрақты әрі инклюзивті даму моделін қалыптастыруға ықпал ете отырып, елеулі экономикалық, инвестициялық және әлеуметтік мүмкіндіктер ашады. «KEGOC» АҚ Париж келісімінің ережелерінде бекітілген жаһандық көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуде энергетика секторының аса маңызды рөлін түсінеді және осы процеске инвестициялық және операциялық қызмет арқылы үлес қосады.

Климаттың өзгеруіне байланысты тәуекелдер мен мүмкіндіктерді түсіну инвесторларды, реттеушілер мен серіктестерді қоса алғанда, мүдделі тараптар үшін барған сайын маңызды бола түсуде. Осы сұранысқа жауап ретінде «KEGOC» АҚ 2024 жылы 2025–2060 жылдарға арналған Климаттық бағдарламаны (Климаттық бағдарлама) әзірлеп, бекітті. Климаттық бағдарлама шеңберінде климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктерге сценарийлік модельдеуді, осалдықты талдауды және Компания қызметіне қаржылық әсерді бағалауды қамтитын кешенді сапалық және сандық бағалау жүргізілді.


Климаттың өзгеруі саласындағы басқару

Директорлар кеңесінің климаттық күн тәртібін қадағалауы

Климаттың өзгеруі мәселелері «KEGOC» АҚ-ның стратегиялық басқаруында орталық орын алады және Директорлар кеңесінен және оның комитеттерінен бастап корпоративтік басқарудың барлық деңгейлеріне интеграцияланған. 2024 жылы климаттық күн тәртібі Директорлар кеңесінің тұрақты отырыстары мен стратегиялық сессиялары шеңберінде, оның ішінде климатпен байланысты KPI-ды жыл сайын бекіту, сондай-ақ ESG-жоспарын тоқсан сайын мониторингтеу және климаттық тәуекелдерді басқаруды бақылау шеңберінде қаралды.

Директорлар кеңесі Компанияның стратегиялық басымдықтарын, оның ішінде климаттық мақсаттарын айқындайды, тұрақты даму туралы есепті қамтитын Жылдық есепті бекітеді және оларға қол жеткізу Басқарманың жауапкершілік аясына кіретін нысаналы көрсеткіштерді белгілейді. Директорлар кеңесінің маңызды функциясы – Басқарма қызметінің нәтижелерін, оның ішінде функционалдық KPI негізінде жыл сайын бағалау.

Климаттық мәселелер жөніндегі жұмысты Директорлар кеңесінің бейінді комитеттері қолдайды:

  • Стратегия және тұрақты даму жөніндегі комитет климаттық мәселелер бойынша ұсынымдар береді;
  • Аудит жөніндегі комитет ақпаратты ашу мен климаттық тәуекелдерді басқарудың сапасын бағалайды;
  • Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитет Басқарманың тиімділігін бағалау кезінде KPI-ға қол жеткізуді ескереді.

Директорлар кеңесі сондай-ақ ESG және климат бойынша құзыреттердің болуын қамтамасыз етеді. Корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру және климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктер туралы хабардарлықты арттыру шеңберінде «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері тұрақты даму мен климаттың өзгеруі мәселелеріне арналған оқыту іс-шаралары мен сараптамалық пікірталастарға қатысады.

Есепті жылы Директорлар кеңесінің мүшелері ішкі және сыртқы сарапшыларды тарта отырып, оқыту сессияларынан өтті, олардың шеңберінде климаттық күн тәртібінің мәселелері, оның ішінде климаттың өзгеруінің энергетика секторы компанияларының қызметіне әсері, тұрақты даму саласындағы халықаралық үрдістер мен реттеуші талаптар, сондай-ақ тұрақты болашақты қамтамасыз етудегі инновациялық технологиялар мен цифрлық шешімдердің рөлі қаралды.

Алынған білім мен үздік практикалар Компанияны дамытудың стратегиялық мәселелерін қарау, климаттық тәуекелдерді басқару және тұрақты даму саласындағы ұзақ мерзімді бастамаларды қалыптастыру кезінде пайдаланылады.

Климаттық мәселелерді басқарудағы Басқарманың рөлі

«KEGOC» АҚ Басқармасы Директорлар кеңесі айқындаған, оның ішінде климаттың өзгеруі саласындағы стратегиялық мақсаттарды іске асырады, Климаттық бағдарламаны бекітеді, оны орындау, климаттық тәуекелдерді басқару және бірыңғай ESG-күн тәртібі шеңберінде барлық бөлімшелердің іс-қимылдарын үйлестіру үшін жауапкершілікте болады.

Басқарма жанында жұмыс істейтін Тұрақты даму және БМЖ жөніндегі үйлестіру кеңесі мыналарды қамтамасыз етеді:

  • энергожүйенің орныққан режимдерін кернеу мен реактивті қуат деңгейлері бойынша оңтайландыру;
  • климаттық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған ішкі бағдарламалар мен жоспарларды әзірлеу;
  • климаттық сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді бағалау;
  • жауапкершілікті бөлу және орындалуын мониторингтеу.

2026 жылы тұрақты даму мәселелерін басқаруды жетілдіру және климаттық аспектілерді интеграциялау мақсатында Үйлестіру кеңесінің жанында құрамына негізгі бағыттар бойынша сарапшылар кіретін ESG жөніндегі комитет құру жоспарлануда.

Климаттық тәуекелдерді басқару процестері мүдделі тараптардың күтулерін ескере отырып, қос елеулілік қағидаттары негізінде құрылады. Елеулі тәуекелдер мен мүмкіндіктер TCFD ұсынымдарын ескере отырып, инвесторлармен және серіктестермен диалог барысында сәйкестендіріледі.

Компания реттеуші ортаның өзгерістеріне және есептілік талаптарына бейімделу қажеттігін мойындайды және жаңа күтулер мен сын-қатерлерге жауап ретінде климатты басқару тәсілдерін тұрақты түрде жаңартып отырады.

«KEGOC» АҚ-ның климаттың өзгеруі саласындағы басқару құрылымы

Климаттың өзгеруі саласындағы стратегия

Климаттың өзгеруі саласындағы стратегия «KEGOC» АҚ энергетикалық ауысу жағдайында тұрақты дамудың маңыздылығын мойындай отырып, климаттық күн тәртібін стратегиялық және операциялық басқаруға дәйекті түрде интеграциялайды. Компанияның климаттық іс-қимылдарының негізі ретінде Климаттық бағдарлама, сондай-ақ декарбонизация, энергия үнемдеу және климаттық тәуекелдерді басқару жөніндегі мақсаттарды қамтитын «KEGOC» АҚ-ның 2031 жылға дейінгі Төмен көміртекті даму бағдарламасы және 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу пайымы (ТКДБ) сияқты ішкі құжаттар қызмет етеді.

Атап айтқанда, тұрақты даму мен көміртекті ізді төмендету саласындағы мақсаттар Қазақстан Республикасының көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Төмен көміртекті даму тұжырымдамасын ескере отырып әзірленген ТКДБ-да бекітілген. ТКДБ энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру және тікелей әрі жанама шығарындыларды кезең-кезеңмен қысқарту жөніндегі іс-шараларды қамтиды. ТКДБ-ның мақсаты – мыналар есебінен көміртекті ізді төмендетуді қамтамасыз ететін тәсілдер мен құралдарды ресімдеу:

  • өндірістік ерекшелікті ескере отырып декарбонизация әлеуетін бағалау;
  • шығарындыларды төмендету жөніндегі басым бағыттар мен іс-шараларды айқындау;
  • 2060 жылға дейін CO₂ шығарындыларын болжау;
  • персоналдың климаттық сауаттылығын арттыру және эмиссияларды қысқарту саласындағы жаһандық практикаларды тарату.

Негізгі міндеттер ретінде отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды төмендету, энергия шығындарын есепке алу мен бақылау жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу көрінеді.

Компания өзінің жүйелік оператор және электр желілерінің операторы ретіндегі рөлінің ерекшеліктерін ескереді, бұл ЖЭК жобаларын тікелей іске асыру мүмкіндіктерін шектейді. Алайда, «KEGOC» АҚ ҒЗТКЖ-ға белсенді қатысады және ЭЭЖЖ сияқты пилоттық шешімдерді енгізуді қарастырады. 2025 жылы China Power International Development Limited, China Power International Holding Limited және «Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығы» ЗТБ-мен мақсаты ЖЭК-ті интеграциялау кезінде электр энергиясын сақтау жүйелерінің БЭЖ-ді реттеуге әсерін зерттеу болып табылатын «ҚР БЭЖ-іне электр энергиясын сақтау жүйелерін енгізу» Пилоттық жобасын іске асыру жалғастырылды.

«KEGOC» АҚ-ның жүйелік оператор және Ұлттық электр желісінің операторы ретіндегі рөлін ескере отырып, Компанияның Қазақстан Республикасы экономикасын декарбонизациялауға қосатын негізгі үлесі тек өзінің шығарындыларын төмендетумен ғана емес, сонымен бірге ЖЭК-ті интеграциялау, энергожүйенің икемділігін арттыру және төмен көміртекті энергетиканы дамыту үшін инфрақұрылымдық жағдайларды қамтамасыз етумен де байланысты. Бұл тәсілдер сондай-ақ Компанияның стратегиялық мақсаттарында, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық электр желісін озық дамыту, ЖЭК-ті тиімді интеграциялау және Smart Grid интеллектуалды энергожүйесін енгізуде көрсетілген.

Төмен көміртекті дамуға көшу мынадай шараларды қамтиды:

  • ІЖҚ-мен автокөлікті электромобильдерге біртіндеп ауыстыру (Scope 1);
  • сатып алынатын «жасыл» электр энергиясының үлесін ұлғайту (Scope 2);
  • цифрлық шешімдерді (Smart Grid) дамыту, энергоаудиттер жүргізу, жабдықты жаңғырту, ресурс үнемдеуді ынталандыру (Scope 1 және Scope 2);
  • ағымдағы жасыл жобаларды іске асыру (Scope 2): Батыс Қазақстан энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру. Электр желілік объектілерді салу; Қазақстан Республикасы БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту;
  • перспективалы жасыл жобаларды іске асыру (Scope 2): Астана қ. сыртқы электрмен жабдықтау сұлбасын күшейту. Электр желілік объектілерді салу; Қазақстан БЭЖ-нің транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін арттыру; Қарағанды ҚС – Жезқазған ҚС – Қызылорда ҚС – Шымкент ҚС 500 кВ ӘЖ салу; Батыс энергетикалық торабын күшейту; Қарабатан ҚС – Бейнеу ҚС – Маңғыстау ҚС 500 кВ ӘЖ салу; Батыс аймақты Қазақстан Республикасы БЭЖ-імен біріктіру. II кезең).

«KEGOC» АҚ-ның шығарындылар көздері бойынша декарбонизацияның негізгі тұтқалары

Scope 1 бойынша шығарындыларды төмендету:

  • Стационарлық көздерден болатын шығарындылар: отынды жағу деңгейіне және жабдықтың техникалық жай-күйіне, сондай-ақ оны отандық және халықаралық нарықтарда жаңартуға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Әлеуетті түрде қолжетімді әрі тиімді балама технологияларды кеңінен енгізу, әсіресе электр байланысын қамтамасыз ету авариялық жағдайларында шығарындыларды төмендетуге ықпал етеді.
  • Мобильді көздерден болатын шығарындылар: 2030–2031 жылдары Ақмола және Алматы ЖЭТ филиалдарында және Атқарушы дирекцияда өндірістік әрі әкімшілік персоналды тасымалдау үшін ІЖҚ-мен 19 жеңіл автокөлік құралын (115 бірліктен) электромобильдерге ауыстыру жоспарлануда. Іске асырылатын іс-шаралардың нәтижелері бойынша CO₂ тікелей шығарындыларының 2030 жылы 2 %-ға және 2031 жылы 3 %-ға төмендеуі күтіледі.

«KEGOC» АҚ-ның 2031 жылға дейінгі күтілетін тікелей шығарындылары, тонна СО₂

Scope 2 бойынша шығарындыларды төмендету:

Компания технологиялық мақсаттарға, оның ішінде электр энергиясын ҚР ҰЭЖ-і бойынша беру кезінде оның технологиялық шығынын өтеуге арналған электр энергиясын, сондай-ақ шаруашылық қажеттіліктерге электр энергиясын Бірыңғай сатып алушыдан («ЖЭК жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС) сатып алады, ол өз кезегінде барлық ЭПО-дан, оның ішінде жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясын сатып алады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша генерацияның жалпы көлеміндегі ЖЭК генерациясының үлесі 7,0 %-ды құрады. Электр энергиясының технологиялық шығыны көлеміндегі «жасыл» энергияның болжамды үлесі 2028 жылға қарай – 12 %, 2032 жылға қарай – 19 %.

Компания ұлттық заңнаманы жетілдіруге, ҰЭЖ-ді дамыту мен ЖЭК-ті қосу үшін жағдай жасау жобаларын іске асыруға, энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы жобаларды әзірлеу мен іске асыруға белсенді қатысады.

Технологиялық шығынды өтеуге арналған электр энергиясын сатып алудың жоспарлы көлемдері («Көміртектік бейтараптық» сценарийі)

Энергия тиімділігі мен энергия үнемдеу саясатының негізгі басымдықтары мыналарды қамтиды:

  • энергоресурстарды есепке алу мен басқару жүйелерін оңтайландыру;
  • тұтынудың нысаналы көрсеткіштерін негіздеу мен нормалау;
  • персоналдың энергия үнемдеу саласындағы құзыреттерін арттыру;
  • инновациялық энергия үнемдеуші шешімдерді енгізу бойынша сыртқы серіктестермен өзара іс-қимыл;
  • ресурстарды тұтынуды қысқарту жөніндегі идеялар мен бастамаларды генерациялауға жұмыскерлерді тарту;
  • энергетикалық аудиттер жүргізу және тиісті іс-шараларды іске асыру;
  • жабдықты энергия тиімді шешімдерге көше отырып жаңғырту және т.б.

Қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада Компания 2026–2031 жылдарға арналған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жоспарын іске асыруға бағдарланады. Басым бағыттардың арасында жарықтандыру мен жылыту жүйелерін жаңғырту, энергия тиімді қазандықтарды орнату, есіктерді ауыстыру, ғимараттарды жылыту бар. Күтілетін әсер – энергоресурстарды тұтынуды 1,8 мың ш.о.т.-қа төмендету.

Одан әрі даму тұрақты энергоаудиттер жүргізуді және бесжылдық бағдарламаларды жаңартуды көздейді. Цифрлық трансформация шеңберінде «KEGOC» АҚ тиімділікті арттыру үшін IoT, ЖИ және бұлттық шешімдер технологияларын енгізеді.

ҒЗТКЖ саласында назар технологиялық шығынды төмендетуге, оның ішінде «Солтүстік-Оңтүстік» 500 кВ ӘЖ-дегі сымдарды роботтандырылған тазалау есебінен бағытталған. Компания орта мерзімді перспективаға жобалар портфелін оларды «Самұрық-Қазына» тобының ҒЗТКЖ қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндігімен қалыптастыруға ниетті.

Жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілетін электр энергиясы үлесінің тұрақты өсуі энергияны үнемдеу және энерготиімділікті арттыру шараларымен біріге отырып, Компания сатып алатын электр энергиясының көміртек сыйымдылығының дәйекті түрде төмендеуіне жағдай жасайды. 2031 жылға қарай Компания технологиялық шығынды өтеу үшін сатып алынатын электр энергиясы көлеміндегі «жасыл» электр энергиясының үлесін 20%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл Компанияның Scope 2 шығарындыларын азайтудың және төмен көміртекті стратегиясын жүзеге асырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.

Климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалау

Климаттық модельдеу Қазақстан Республикасының көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясына сәйкес таңдалған 2060 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Климаттық тәуекелдерді қаржылық модельдеу төрт сценарий бойынша (RCP2.6, RCP4.5, RCP8.5, NZE 2050) жүргізілді. Ол негізгі аспектілерді қамтиды: түсім, OPEX, CAPEX, EBITDA және операциялық пайда. Талдау барлық сценарийлерде, оның ішінде RCP8.5 стресс-сценарийінде Компанияның жоғары тұрақтылығын көрсетті. Модельдер реттеудегі, электр энергиясы бағаларындағы, климаттық параметрлердегі ықтимал өзгерістерді және инфрақұрылымдық талаптарды ескерді.

Әрбір сценарий үшін кірістер, шығыстар, күрделі шығындар мен EBITDA туралы ағымдағы деректер негізінде қаржылық көрсеткіштерді 2060 жылға дейін экстраполяциялау жүргізілді. Қаржылық бағалаулар операциялық және инвестициялық ағындарға климаттық әсерлерді ескере отырып, «KEGOC» АҚ-ның кірістер мен шығыстарының толық моделіне негізделген.

Компания климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалау үшін сценарийлік талдауды пайдаланады:

  • «Көміртектік бейтараптық» сценарийі ЖЭК үлесінің өсуін, шығарындылардың төмендеуін және энергия тиімді технологияларды енгізуді көздейді.
  • «Әдеттегі бизнес» сценарийі климаттық реформалар болмаған жағдайда шығындардың ықтимал өсуін және бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуін көрсетеді.

«KEGOC» АҚ климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді әртүрлі уақытша горизонттарда қарастырады:

  • Қысқа мерзімді (2025 жылға дейін): ЭЭЖЖ сияқты пилоттық жобаларды іске асыру, Энергия үнемдеу жоспарын орындау, мониторингті енгізу.
  • Орта мерзімді (2031 жылға дейін): Scope 1 және Scope 2 қысқарту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу, энергожүйенің тұрақтылығын арттыру.
  • Ұзақ мерзімді (2060 жылға дейін): көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу, инфрақұрылымды толық бейімдеу.

Климаттық тәуекелдерді бағалау «KEGOC» АҚ-ның құн жасау тізбегінің барлық буындарын қамтиды. ҰЭЖ-ді жобалау, салу және жаңғырту, электр энергиясын беру, генерацияны болжау кезеңдерінде температуралық және су тасқыны әсерлеріне осалдық талданады, жабдықты пайдалану, диспетчерлік басқару және теңгерімдеу кезеңінде экстремалды ауа райы талданады, стационарлық және мобильді көздерден болатын шығарындыларға мониторинг жүргізіледі. Энергияны тұтыну кезеңінде технологиялық қажеттіліктерге электр энергиясын пайдаланудан болатын жанама шығарындылар ескеріледі. Инновациялар мен ҒЗТКЖ блогында технологиялық шешімдер, оның ішінде Smart Grid және ЭЭЖЖ жүйелері пысықталады. Жеткізілімдерді басқару кезеңінде жеткізушілер ESG-критерийлері бойынша, оның ішінде экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму стандарттарына сәйкестік бойынша бағаланады.

Климаттық тәуекелдерді бағалау

«KEGOC» АҚ-да физикалық климаттық тәуекелдерді бағалау 2060 жылға дейінгі сценарийлік тәсілді пайдалана отырып жүргізілді және негізгі климаттық параметрлерді қамтиды: температура, су тасқындары және сыни маңызды активтердің осалдығына назар аудара отырып экстремалды ауа райы құбылыстары. Талдау RCP сценарийлеріне негізделген және Компанияның инфрақұрылымы мен қаржылық көрсеткіштеріне ықтимал салдарларды көрсетеді.

«KEGOC» АҚ-ның климаттық өзгерістерін талдау үшін өзекті индикаторлардың тізімі

Температура

Түрі
Созылмалы

Индикатор/өлшем бірлігі
Жылдық ең төменгі тәуліктік температура (°C)

Экспозиция тәуекелін талдау үшін маңыздылығы
Төмен температуралар жабдықтың қатуына және жылытуға арналған шығындардың артуына, желілердің мұздануына әкелуі мүмкін


Түрі
Созылмалы

Индикатор/өлшем бірлігі
Жылдық ең жоғары тәуліктік температура (°C)

Экспозиция тәуекелін талдау үшін маңыздылығы
Жоғары температура электр энергиясын тұтынудың өсуіне әкелуі және жабдықты шамадан тыс қыздырып, олардың тиімділігін төмендетіп, тозуын жеделдетуі мүмкін.

Су тасқыны

Түрі
Жедел

Индикатор/өлшем бірлігі
Су тасқыны (м)

Экспозиция тәуекелін талдау үшін маңыздылығы
Су тасқындары қысқа тұйықталуларды, қосалқы станциялардың зақымдануын және электрмен жабдықтаудағы ұзақ үзілістерді тудыруы мүмкін.

Экстремалды ауа райы

Түрі
Жедел

Индикатор/өлшем бірлігі
Желдің ең жоғары жылдамдығы (м/с)

Экспозиция тәуекелін талдау үшін маңыздылығы
Күшті желдер әуе электр беру желілерін зақымдап, тіреулерді сындырып, ағаштардың сымдарға құлауы салдарынан аварияларға әкелуі мүмкін.

Температура: Орташа және экстремалды температураның өсуі негізгі климаттық сын-қатерлердің бірі ретінде танылды. Модельдерге сәйкес ауаның жер үсті орташа температурасы RCP8.5 сценарийінде базалық деңгеймен салыстырғанда 2060 жылға қарай +58,5 %-ға дейін артуы мүмкін. Ең төмен температуралар да 3–4 есе артады, бұл суық кезеңдердің күрт қысқаруын көрсетеді. Температуралардың ең жоғары өсуі Түркістан облысы үшін тіркелді, онда 2060 жылға қарай ең жоғары температура 22,99 °C-қа, ал ең төмені – 9,28 °C-қа жетуі мүмкін, бұл трансформаторларды салқындату жүйелеріне қысым жасайды, жабдықтың тозуын жеделдетеді, оқшаулаудың істен шығу тәуекелін арттырады және шамадан тыс қызудан ӘЖ-нің өткізу қабілетін төмендетеді.

Су тасқындары: Су тасқындары Атырау мен Маңғыстау облыстарында ең үлкен қауіп төндіреді. 2060 жылға қарай RCP8.5 сценарийінде Маңғыстауда су тасқынының орташа деңгейі 0,7 м-ге жетуі мүмкін. Бұл әсіресе ойпатты учаскелерде тарату пункттері мен станциялардың су басу тәуекелін тудырады. Ықтимал залал энергия берудегі ұзақ үзілістерді, жабдықтың зақымдануын және авариялық қалпына келтіруге шығындардың өсуін қамтиды.

Экстремалды ауа райы: Желдің максималды жылдамдығының 2,6%-ға төмендеуіне қарамастан, жел жүктемелері солтүстік және орталық аймақтарда жоғары болып қала береді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында RCP8.5 сценарийінің өзінде желдің ең жоғары жылдамдығы 2060 жылға қарай 39,52 м/с деңгейінде болжанады. Бұл ЭБЖ жай-күйін тұрақты мониторингтеуді, демпферлеуші құрылғыларды енгізуді және үзілулер мен деформацияны болдырмау үшін конструкцияларды күшейтуді талап етеді.

Физикалық климаттық тәуекелдерге Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау және Маңғыстау облыстары ең осал деп танылды. Мұнда елеулі климаттық жүктемелерге ұшырайтын Компанияның негізгі активтері шоғырланған. Объектілердің ерекшелігін ескере отырып, әрбір өңір үшін басым бейімдеу іс-шараларының тізбесі қалыптастырылды.

Сценарийлік талдау мен өтпелі климаттық тәуекелдерді бағалау кезінде «KEGOC» АҚ көміртекті реттеудің, электр энергиясы құнының және климаттық саясат талаптарының өзгерістерінің Компанияның қаржылық көрсеткіштері мен инвестициялық шешімдеріне ықтимал әсерін ескереді.

Климаттық модельдеу шеңберінде «KEGOC» АҚ-ның 2060 жылға дейінгі горизонтта физикалық климаттық тәуекелдердің ықтимал қаржылық салдарлары сандық тұрғыдан бағаланды. Талдау екі негізгі блокты қамтиды: климаттық параметрлердің өзгеруінен туындаған тәуекелдер (температура, су тасқындары, экстремалды желдер) және инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру үшін бейімдеу шараларына арналған шығындар.

Бейімдеу жөніндегі шаралар қабылданбаған жағдайда, физикалық климаттық факторлардың (жабдықтың шамадан тыс қызуы, қосалқы станциялардың су басуы, желден болатын зақымданулар) әсерінен болатын жиынтық қаржылық шығындар 2060 жылға қарай 261 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бейімдеу шараларын (инфрақұрылымды күшейту, мониторингті енгізу, салқындату жүйелерін жаңғырту, интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу) іске асыру құны 2030 жылдан 2060 жылға дейінгі кезеңде 314 млрд теңгеден астам деп бағаланды.

Өтпелі тәуекелдерді бағалау

«KEGOC» АҚ өтпелі тәуекелдерді климаттық талдаудың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Жаһандық энергетикалық ауысу жағдайында мемлекеттік саясаттың, нормативтік талаптардың, технологиялық стандарттар мен нарықтық жағдайлардың өзгерістерінің ықтимал салдарларына ерекше назар аударылды.

Климаттық бағдарламаны әзірлеу кезінде негізгі өтпелі тәуекелдердің Компанияның операциялық және инвестициялық қызметіне 2060 жылға дейінгі горизонтпен әсеріне қаржылық бағалау жүргізілді. Бағалау түсім, операциялық және күрделі шығыстар, EBITDA және операциялық пайда сияқты параметрлерді ескере отырып, 4 климаттық сценарий (RCP2.6, RCP4.5, RCP8.5 және NZE 2050) бойынша орындалды.

Ең елеулі тәуекелдер энергия тиімділігі стандарттарын қатаңдатумен, электр энергиясы құнының артуымен және ESG саласындағы жаңа талаптарға сәйкес келу қажеттігімен байланысты. «KEGOC» АҚ квоталау субъектісі болып табылмайтынына және көміртек нарығына тікелей қатыспайтынына қарамастан, реттеудегі өзгерістер сатып алынатын энергияның құнына әсер етеді және инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту қажеттігін қалыптастырады.

Сценарийлік талдау мен өтпелі климаттық тәуекелдерді бағалау кезінде «KEGOC» АҚ көміртекті реттеудің, электр энергиясы құнының және климаттық саясат талаптарының өзгерістерінің Компанияның қаржылық көрсеткіштері мен инвестициялық шешімдеріне ықтимал әсерін ескереді.

Талдау шеңберінде жаңа стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз ету және энергия тиімділігін арттыру үшін 2060 жылға дейін шамамен 90 млрд теңге инвестициялау қажет болатыны айқындалды. Аталған шаралар болмаған жағдайда қаржылық салдарлар 2030 жылдан бастап 138 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бұл бағалаулар технологиялық жаңартуға арналған тікелей шығындарды да, тарифтік жүктеменің артуымен және реттеуші шектеулермен байланысты жанама шығындарды да ескереді.

Басым шаралардың бірі – электр энергиясын берудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған озық цифрлық шешімдер мен интеллектуалды басқару технологияларын (Smart Grid) енгізу. Мұндай технологиялар операциялық шығындарды төмендетуге, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және инвесторлар мен реттеушілердің өсіп келе жатқан климаттық күтулеріне сәйкестікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Климаттық мүмкіндіктерді бағалау

«KEGOC» АҚ климаттық өзгерістерді тек тәуекел көзі ретінде ғана емес, сонымен бірге тұрақтылықты арттыру, технологиялық жаңғырту және инвестициялық тартымдылық үшін елеулі мүмкіндіктер ретінде де қарастырады. Климаттық мүмкіндіктерді бағалау энергия тиімді шешімдерді енгізу, энергияны интеллектуалды басқару жүйелерін қолдану және энергияны жинақтау саласындағы пилоттық жобаларды іске асыру сияқты бағыттарды қамтиды.

Стратегиялық тұрғыдан маңызды мүмкіндіктердің бірі – интеллектуалды инфрақұрылымды дамыту. Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 5 МВт ЭЭЖЖ орнату жөніндегі пилоттық жоба жүйенің икемділігін арттыру, ЖЭК-ті интеграциялау және шыңдық жүктемелерді басқаруды жақсарту әлеуетін зерттеуге мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада – бұл энергожүйені ұлттық деңгейде жаңғырту жөніндегі ауқымдалатын шешімдердің базасы.

Бұдан басқа, «KEGOC» АҚ-да қолданыстағы энергия үнемдеу бағдарламалары, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу шеңберінде энергия тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Компанияда персоналды рационализаторлық ұсыныстар ұсынуға ынталандыру жүйесі жұмыс істейді, ал ҒЗТКЖ шеңберіндегі іс-шаралар энергия беру кезінде технологиялық шығындарды төмендетуге ықпал ететін шешімдерді әзірлеуге бағытталған.

Климаттық тәуекелдердің қаржылық әсерінің негізгі аспектілері

Физикалық тәуекелдердің ықтимал қаржылық әсерлері: Өтпелі тәуекелдердің ықтимал қаржылық әсерлері:
  • Активтерге залал және оларды жоғалту
  • Жеткізу тізбегіндегі бұзылулар
  • Операциялық шығындардың өсуі
  • Қалпына келтіру мен жөндеуге арналған күтпеген шығыстар
  • Ресурстарға қолжетімділіктің шектелуі
  • Активтер құнының төмендеуі
  • Іскерлік белсенділіктің үзілуі және мәжбүрлі бос тұрып қалу
  • Активтердің құнсыздануы
  • Жаңа нормативтік талаптарға сәйкес келуге арналған жоғары шығындар
  • Мемлекеттік саясаттағы өзгерістер салдарынан капитал құнының артуы
  • Көміртекті экономикамен байланысты тауарлар мен қызметтерге сұраныстың төмендеуі
  • Технологияларды жаңғырту мен бейімдеуге арналған шығындардың өсуі
  • Нарықтық жағдайлар мен бәсекеге қабілеттіліктің өзгеруі
  • Энергетика нарығындағы өзгерістер
  • Сот талаптары мен беделдік шығындар тәуекелдері
  • ESG-ге бағдарланған инвесторлардан қаржыландыруға қол жеткізудің шектелуі

Климаттық бағдарламаның есептеулеріне сәйкес, климаттық мүмкіндіктерді іске асырудан болатын жыл сайынғы әлеуетті экономикалық әсер 2031 жылдан бастап жылына 5–10 млрд теңгені құрайды. Бұл электр энергиясының технологиялық шығынын үнемдеу, операциялық шығындарды қысқарту, энергия тиімділігін жақсарту және авариялық ажыратулар тәуекелін төмендету есебінен қол жеткізіледі. Бұл ретте осы бағыттарды дамытуға жыл сайынғы инвестициялар 2030 жылдан бастап 4 млрд теңге деңгейінде бағаланады.


Климаттың өзгеруі саласындағы тәуекелдерді басқару

Климаттың өзгеруі саласындағы тәуекелдерді басқару «KEGOC» АҚ COSO ERM біріктірілген моделінің қағидаттарына және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның корпоративтік талаптарына негізделген тәуекелдерді басқару жүйесін енгізді әрі дәйекті түрде дамытады. Корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесі (КТБЖ) корпоративтік басқару жүйесінің маңызды элементі болып табылады және Компанияның стратегиялық әрі операциялық мақсаттарына қол жеткізуге әсер етуі мүмкін тәуекелдерді уақтылы анықтауға, бағалауға және басқаруға бағытталған.

КТБЖ мақсаты – климаттың өзгеруін қоса алғанда, сыртқы және ішкі факторлардың әсерін барынша азайту есебінен қызметтің үздіксіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету. Климаттық тәуекелдерді басқару жалпы жүйеге интеграцияланған: олар сәйкестендіріледі, бағаланады және қажет болған жағдайда олардың ықтимал қаржылық әсері негізінде сандық талдауға ұшырайды. Бағалау процесінде GRI, SASB және ESRS халықаралық стандарттарын қоса алғанда, қолданыстағы да, күтілетін де нормативтік талаптар ескеріледі.

Директорлар кеңесі тәуекелдерді басқару жүйесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, негізгі құжаттарды бекітеді және тәуекелдерді басқаруға қатысты «жоғарыдан үнді» айқындайды. Директорлар кеңесі жанындағы Аудит жөніндегі комитет климаттық тәуекелдерді басқаруды қоса алғанда, КТБЖ жұмыс істеуінің тиімділігіне бақылауды қамтамасыз етеді. Директорлар кеңесінің бекітуіне шығарылатын құжаттар осы комитетте алдын ала қаралады.

«KEGOC» АҚ сондай-ақ жеткізушілермен өзара іс-қимыл кезінде климаттық және экологиялық тәуекелдерді ескереді. Контрагенттерді таңдау кезінде сауалнама жүргізуді, экологиялық талаптарға сәйкестікті бағалауды, сондай-ақ жария шектеулерді талдауды қамтитын алдын ала тексеру рәсімдері қолданылады. Шарттардың шарттарында жеткізушілердің қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму және қауіпсіздік саласындағы стандарттарды қоса алғанда, қолданылатын нормаларды сақтау жөніндегі міндеттемелері бекітілген.

Климаттық мүмкіндіктер «KEGOC» АҚ стратегиялық дамуының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Тұрақты инфрақұрылымды дамыту, энергия тиімділігін арттыру және ұлттық климаттық саясатты қолдау тәуекелді төмендетуге және барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді құн қалыптастыруға ықпал етеді.

Климаттық тәуекелдерді сәйкестендіру мен бағалау процестері

Компаниядағы климаттық тәуекелдер физикалық (жедел және созылмалы) және өтпелі (саясатпен, нарықтармен, технологиялармен және беделмен байланысты) болып жіктеледі. Климаттық тәуекелдерді айқындау олардың компанияның активтеріне, процестеріне және қаржылық көрсеткіштеріне ықтимал әсерін ескере отырып жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді тұрақтылыққа немесе «KEGOC» АҚ стратегиялық міндеттерін орындауға әсер етуі мүмкін тәуекелдерге басымдық беріледі.

Климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктердің санаттары

Осы тәуекелдердің ауқымы мен маңыздылығын бағалау үшін мыналарды талдауға негізделген бейімделген әдістеме қолданылады:

  • активтердің географиялық орналасуы;
  • климаттық сценарийлер (RCP 2.6, 4.5, 8.5 және NZE 2050);
  • болжамды климаттық әсерлер; тарихи климаттық деректер (оның ішінде Climate Change Knowledge Portal және «Қазгидромет» РМК);
  • негізгі объектілердің климат өзгерістеріне сезімталдығы;
  • ықтимал қаржылық салдарлар, оның ішінде EBITDA-ға, операциялық шығыстарға және қалпына келтіру құнына әсер.

KEGOC-тың климаттық тәуекелдерді бағалауы құн жасаудың бүкіл циклін, оның ішінде upstream-ді (жабдық пен қызметтерді жеткізушілер), меншікті операцияларды, сондай-ақ downstream-ді – Бірыңғай энергожүйенің пайдаланушыларын, тарату желілерінің операторларын, қуат нарығының қатысушыларын және электр энергиясын өндірушілерді, оның ішінде ЖЭК-ті қамтиды. Downstream-тәуекелдер мыналарды қамтиды: нарықтық және технологиялық өзгерістер, жүктеме мен сұранысқа әсер ететін климаттық оқиғалар, ЖЭК генерациясының тұрақтылығы тәуекелдері және нарықтың орталықсыздануымен байланысты өтпелі тәуекелдер.

Физикалық тәуекелдер

Физикалық климаттық тәуекелдерді сәйкестендіру процесі халықаралық және ұлттық көздерді – оның ішінде IPCC климаттық модельдерін (RCP2.6, RCP4.5, RCP8.5 сценарийлері), Халықаралық энергетикалық агенттіктің сценарийлерін (IEA NZE 2050), сондай-ақ «Қазгидромет» РМК ұсынған ұзақ мерзімді болжамдарды пайдалана отырып, климаттық өзгерістерді сценарийлік талдауға негізделген.

«KEGOC» АҚ-ның 83 қосалқы станциясы мен инфрақұрылым объектілері үшін физикалық тәуекелдердің 2 негізгі санаты бойынша талдау жүргізілді:

  • Жедел тәуекелдер
    Трансформаторлық қосалқы станциялардың су басуына, жабдықтың зақымдануына және электрмен жабдықтаудың бұзылуына әкелуі мүмкін тасқындар мен су тасқындары; ЭБЖ тіреулерінің бұзылуын, сымдардың үзілуін және жаппай ажыратуларды тудыруы мүмкін дауылдар, екпінді желдер мен найзағайлар; ӘЖ-де мұздың жиналуына, конструкцияларға жүктеменің артуына және аварияшылдықтың өсуіне әкелетін қарлы жауын-шашын мен көктайғақ.
  • Созылмалы тәуекелдер
    Жабдыққа жылу жүктемесін күшейтетін, желілердегі шығындарды арттыратын және активтердің тозуын жеделдететін орташа жылдық температуралардың артуы; топырақтың тұрақтылығына әсер етуі, конструкциялардың коррозиясын тудыруы және инфрақұрылымды нығайту жөніндегі қосымша шараларды талап етуі мүмкін жауын-шашын мен ылғалдылық режимінің өзгеруі; жабдықты қосымша салқындатуды және техникалық қызмет көрсетуге шығындардың артуын талап ететін ыстық кезеңдердің ұзақтығының артуы; әсіресе оңтүстік және каспий маңы өңірлерінде жоғары ылғалдылық пен температура салдарынан «коронды» шығындардың деңгейінің артуы.

Тәуекелдерді бағалау көпкритерийлі талдау әдістемесін қолдану арқылы жүргізілді, оған мыналар кіреді:

  • климаттық оқиғаның туындауын ықтималдық бағалау (2100 жылға дейінгі метеорологиялық сценарийлер негізінде);
  • инфрақұрылымның нақты объектісінің осалдығын бағалау;
  • жүйенің және Компания бизнесінің жұмыс істеуіне ықтимал әсерді айқындау.

Бұдан басқа, Қазақстанның географиялық және климаттық біркелкі еместігін ескере отырып, тәуекелдердің өңірлік стратификациясы жүргізілді, бұл ең сезімтал аймақтарды бөліп көрсетуге мүмкіндік берді: елдің оңтүстігі жылу тәуекелдеріне, батысы – су тасқыны тәуекелдеріне, орталық және шығыс өңірлер – кешенді әсерлерге ұшырайды.

«KEGOC» АҚ-ның құн жасау тізбегі және онымен байланысты климаттық тәуекелдер

Бизнес аспектілері Тәуекел санаты Ішкі санаты Климаттық тәуекелдің егжей-тегжейлі сипаттамасы Әсерінің сипаттамасы
Пайдалану және инфрақұрылым Созылмалы Температура Температураның тұрақты артуы желілер мен жабдыққа жүктемені арттырып, олардың шамадан тыс қызуын және жеделдетілген тозуын тудырады.
  • Апаттық ажыратулар
  • Қызмет көрсетуге арналған қосымша ресурстар
  • Жүктемелердің өсуі салдарынан электр энергиясы шығындарының артуы
Инфрақұрылым Созылмалы Температура Жоғары температуралар трансформаторларды салқындату жүйелеріне әсер етуі мүмкін, бұл олардың істен шығу ықтималдығын арттырады.
  • Салқындату үшін жиі ажырату
  • Электр энергиясын беру тиімділігінің төмендеуі (электр энергиясын желілер бойынша беру кезіндегі шығындар)
Операциялар Созылмалы Жоғары ылғалдылық пен жауын-шашын Жауын-шашын мөлшерінің артуы инфрақұрылымның тұрақтылығына әсер етіп, шайылудан қорғау жөніндегі қосымша шараларды талап етуі мүмкін.
  • Жабдықтың зақымдануы мен ақаулары салдарынан жұмыстың үзілуі
  • Объектілерді нығайтуға арналған шығындардың артуы
  • Инфрақұрылымның металл бөліктерінің коррозия тәуекелі
  • «Корона» салдарынан электр энергиясы шығындарының артуы
Жедел Су тасқыны Тасқындар мен су тасқындары қосалқы станцияларды су басып, жабдықтың зақымдануын және жүйе жұмысындағы үзілістерді тудыруы мүмкін.
  • Электрмен жабдықтаудағы үзілістер, бұл әсіресе электр энергиясын тұтыну көлемі жоғары аймақтарда сыни маңызды
  • Жабдықты жөндеу мен қалпына келтіруге арналған операциялық шығыстардың артуы
Созылмалы Экстремалды ауа райы (жел жүктемесі) Күшті желдер мен дауылдар сымдардың зақымдануын немесе үзілуін, тіреулердің бұзылуын тудыруы мүмкін, бұл электр энергиясын берудегі ақауларға әкеледі.
  • Электрмен жабдықтаудағы ұзақ үзілістер
  • Энергожүйенің тұрақтылығына әсер
  • \ Жөндеу мен қалпына келтіруге арналған шығындардың артуы

Өтпелі тәуекелдер

«KEGOC» АҚ TCFD ұсынымдарына және IFRS S1 мен S2 стандарттарының талаптарына сәйкес өтпелі климаттық тәуекелдерді анықтау жөніндегі жүйелі жұмыс жүргізеді. Талдау электр желілік сектордың ерекшелігін және өзекті реттеуші ландшафтты ескере отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады. Өтпелі тәуекелдердің негізгі санаттары ретінде Компания құқықтық, технологиялық және нарықтық тәуекелдерді қарастырады.

Құқықтық тәуекелдер

Төмен көміртекті экономикаға көшу климаттық реттеудің өсуімен қатар жүреді. Құқықтық тәуекелдерді сәйкестендіру шеңберінде «KEGOC» АҚ заңнамадағы ықтимал өзгерістерді, оның ішінде шығарындылар нормативтерін белгілеуді, көміртекке ішкі және сыртқы баға белгілеу тетіктерін енгізуді, сондай-ақ кеңейтілген ESG-ашу жөніндегі талаптарды ескереді. Бұл өзгерістер инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестицияларды және комплаенс процестерін күшейтуді қоса алғанда, қосымша қаржылық және операциялық шығындарға әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ құқықтық тәуекелдердің елеулі көзі болып жаһандық деңгейде белсенді дамып келе жатқан климаттық сот талаптары табылады. Олардың өсуі есептіліктің ашықтығына және компанияның климаттық тәуекелдерді басқару бөлігіндегі әрекеттерінің дәлелденуіне қойылатын талаптарды күшейтеді, бұл ESG-деректердің дұрыстығына және ашуға ерекше назар аударуды талап етеді.

Технологиялық тәуекелдер

«KEGOC» АҚ ЖЭК-ті, энергияны сақтау жүйелерін және цифрлық шешімдерді дамытуды қоса алғанда, ПГ шығарындыларын төмендетуге ықпал ететін технологиялық трендтерді қадағалайды. Тиімділікті арттыру әлеуетіне қарамастан, бұл технологиялар елеулі инвестицияларды, операциялық процестерді жаңғыртуды және желілік инфрақұрылымды бейімдеуді талап етеді. Компания технологиялық шешімдерді уақтылы енгізбеумен, технологиялық ескірумен немесе климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті инновациялардың шектеулі қолжетімділігімен байланысты ықтимал тәуекелдерді ескереді.

Нарықтық тәуекелдер

«Жасыл» энергетикаға тұрақты сұраныстың қалыптасуы және тұтынушылардың төмен көміртекті шешімдерге басымдық беруі нарықтық ортаға әсер етеді. «KEGOC» АҚ тұтынушылық күтулердегі өзгерістерді, серіктестердің талаптарын, сондай-ақ қаржыландыру шарттарын сұранысқа, капитал құнына және компанияның құн жасау тізбегіндегі ұстанымдарына әсер етуі мүмкін факторлар ретінде қарастырады. Бұл тәуекелдер бизнес-модельді бейімдеуді, операциялық қызметті трансформациялауды және климаттық күн тәртібіне белсенді қатысу арқылы инвестициялық тартымдылықты нығайтуды талап етеді.

Климаттық бағдарлама

2024 жылы «KEGOC» АҚ климаттық тәуекелдерді басқару саласындағы негізгі стратегиялық құжат ретінде 2025–2060 жж. кезеңге арналған Климаттық бағдарламаны бекітті. Климаттық бағдарлама электр желілік инфрақұрылымның өзгеретін климаттық жағдайларға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған және TCFD ұсынымдарын, сондай-ақ IPCC пен IEA климаттық сценарийлерін қоса алғанда, халықаралық стандарттарға сәйкес іске асырылды.

Құжат физикалық және өтпелі тәуекелдерді бағалауды, әртүрлі климаттық сценарийлердің 83 ҚС-қа әсерін модельдеуді, активтердің осалдығын талдауды және басым бейімдеу шараларын айқындауды қамтиды. Климаттық бағдарлама активтердің географиясын және «KEGOC» АҚ-ның жүйелік функцияларының сипатын ескере отырып, энергетика секторының ерекшелігін көрсетеді.

Климаттық тәуекелдер Компанияның корпоративтік тәуекелдерінің бірыңғай тізіліміне интеграцияланған, онда олар еншілес ұйымдар деңгейінде бағаланады және Тәуекелдерді басқарудың бірыңғай орталығына беріледі. Тәуекелдер жіктеледі, мәртебе алады (қолайлы немесе ден қоюды талап ететін) және бақылау шараларымен сүйемелденеді. «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесі осы саладағы стратегиялық басшылықты қамтамасыз етеді, Аудит жөніндегі комитет тәуекелдерді қаржылық емес есептілік шеңберінде қарайды, ал Басқарма Тұрақты даму және БМЖ жөніндегі үйлестіру кеңесінің қатысуымен Климаттық бағдарламаның ережелерін іске асыруға жауап береді.


Климаттың өзгеруі саласындағы көрсеткіштер мен мақсаттар

GRI 305-1, GRI 305-2, GRI 305-4, GRI 305-5

Электр желілік компания ретінде «KEGOC» АҚ-ның қоршаған ортаны қорғауға ең елеулі үлесі парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, энергия тиімділігін арттыруға және ЖЭК интеграциясына жағдай жасауға байланысты.

Төмен көміртекті күн тәртібін интеграциялау «KEGOC» АҚ-ға ЖЭК-ті техникалық қосу жөніндегі Жүйелік оператор рөлін орындауға ғана емес, сонымен бірге инвестициялық тартымдылықты нығайтуға, инвесторлардың күтулеріне сәйкес келуге және тұрақты климаттық амбицияларды көрсетуге мүмкіндік береді.

ПГ шығарындыларын түгендеу

«KEGOC» АҚ ПГ шығарындыларын жыл сайынғы түгендеуді халықаралық деңгейде танылған тәсілдерге – Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының әдіснамасына (IPCC, 2006), Парниктік газдар жөніндегі нұсқаулыққа (GHG Protocol) және Париж келісімінің ережелеріне сәйкес іске асырады. ПГ түгендеу туралы есеп ұйымдық шекараларды айқындауға операциялық тәсілді қолдана отырып, жалпыкорпоративтік деңгейде шоғырландырылған. 2022 жылы Компания алғаш рет аталған стандарттарға сәйкес толық есеп дайындап, 2022 жылды базалық деп айқындады. Базалық жылды қайта есептеу қолданылатын әдіснама өзгерген, көздерді қамту кеңейтілген немесе бастапқы деректер нақтыланған жағдайда көзделген.

Түгендеу шеңберінде есепке CO₂, CH₄, N₂O және SF₆ газдары кірді. Жаһандық жылыну әлеуеттері IPCC Бесінші бағалау баяндамасына (AR5) сәйкес қолданылады, бұл деректердің халықаралық практикамен салыстырмалылығын қамтамасыз етеді.

Тікелей шығарындылардың (Scope 1) негізгі көздеріне мыналар жатады:

  • мобильді көздер – өндірістік және жөндеу қызметінде қолданылатын автокөлік;
  • стационарлық көздер – авариялық режимдерде және техникалық қызмет көрсету кезінде пайдаланылатын генераторлар мен электр станциялары;
  • қосалқы станцияларда пайдаланылатын элегаз ажыратқыштары.

Кондиционерлеу жүйелерінен болатын шығарындылар елеусіздігіне байланысты есепке енгізілмеген. Компания деректерді жинау жүйесін жетілдіруге қарай көздерді қамтуды кеңейту мүмкіндігін қарастырады.

Scope 2 жанама энергетикалық шығарындыларына мыналар жатқызылды:

  • технологиялық және шаруашылық қажеттіліктерге, оның ішінде Ұлттық электр желісі бойынша беру кезіндегі электр энергиясының технологиялық шығынын қоса алғанда, электр энергиясын тұтынумен байланысты шығарындылар;
  • жылу энергиясын тұтынудан болатын шығарындылар.

2025 жылғы есепке Scope 3 шығарындылары әдіснамалық базаның және деректерді жинау жүйесінің дамуын жалғастыруына байланысты енгізілмеген.

Компания Scope 3 ашуды GHG Protocol талаптарына сәйкес ішкі есепке алу процестерін дамытуды, әдіснаманы жетілдіруді және жеткізушілер мен мердігер ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды талап ететін кезең-кезеңмен жасалатын процесс ретінде қарастырады.

Түгендеуді қамтуды кезең-кезеңмен кеңейту мақсатында «KEGOC» АҚ Scope 3 жекелеген санаттарының қолданылуын бағалау бойынша дайындық жұмысын жүргізеді. 2025 жылы Компания мамандары Scope 3 шығарындыларын есептеу мен ашу мәселелері бойынша бейінді оқытудан өтті.

Қазіргі уақытта Компания мердігер ұйымдардың қызметімен және жобаларды іске асырумен байланысты шығарындыларды қоса алғанда, деректерді жинауды ұйымдастыру мен Scope 3 жекелеген санаттарын бағалау тәсілдерін қарастырады.

«KEGOC» АҚ әдіснаманы әзірлеуді аяқтап, деректерді жинау процестерін қалыптастырғаннан кейін 2027 жылдан бастап Scope 3 жекелеген санаттарын ашуды бастау мүмкіндігін қарастырады.

Шығарындыларды түгендеу экологиялық менеджмент жүйесіне интеграцияланған және климаттық тәуекелдерді бағалау мен декарбонизация жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде пайдаланылады.

«KEGOC» АҚ парниктік газдарды ұлттық квоталау субъектісі болып табылмайды, өйткені шығарындылар көлемі Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген шекті мәндерден төмен. Дегенмен, Компания Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне (БҰҰ-ның «Климаттың өзгеруі туралы» Негіздемелік конвенциясы, Киото хаттамасы, Париж келісімі) және көміртекті ізді төмендету жөніндегі корпоративтік мақсаттарға сәйкес парниктік газдар шығарындыларын ерікті түрде толық түгендеуді жүргізеді.

ПГ шығарындыларын талдау

2025 жылғы парниктік газдар шығарындыларының көрсеткіштері

GRI 305-1, GRI 305-2

Шығарындылар Барлығы (тCO₂-экв) CO₂ (т) CH₄ (тCO₂-экв) N₂O (тCO₂-экв) SF₆ (тCO₂-экв)
Scope 1 10 724,31 9 369,35 45,69 121,35 1 187,93
Scope 2 2 382 629,37 2 382 629,37 – – –

Шығарындылардың көрсеткіштері, тонна CO₂-эквивалент

GRI 305-1, GRI 305-2

Шығарындылар 2022 2023 2024 2025
Scope 1 8 887 10 339 13 491 10 724
Scope 2 2 692 188 2 524 980 2 357 187 2 382 629
Барлығы 2 701 075 2 535 319 2 370 678 2 393 354

Тікелей шығарындылар негізінен өндірістік және жөндеу қызметінде пайдаланылатын автокөлік, сондай-ақ авариялық электрмен жабдықтау үшін қолданылатын стационарлық және тасымалданатын генераторлардың жұмысы есебінен қалыптасады. Шығарындылардың қосымша көзі кернеуі 110-500 кВ қосалқы станцияларда жоғары вольтты ажыратқыштарда пайдаланылатын элегаз (SF₆) ағуы болуы мүмкін.

2025 жылы парниктік газдардың тікелей шығарындылары (Scope 1) 10 724 тонна CO₂-эквивалентті құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2 766 тоннаға аз. Көрсеткіштің төмендеуі ағу қаупі жоғары түйіндерді герметизациялау мен жаңғырту жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, элегаз жабдығына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу бағдарламасын іске асырумен байланысты.

«KEGOC» АҚ жоғары деңгейдегі пайдалану сенімділігін қамтамасыз ететін әлемдік жетекші өндірушілердің (ABB, Siemens, General Electric) жоғары вольтты элегаз ажыратқыштарын пайдаланады. Жабдыққа қызмет көрсетуді білікті персонал ішкі регламенттерге және халықаралық техникалық стандарттарға сәйкес жүзеге асырады. 2021–2025 жылдары SF₆ ағуының орташа деңгейі жылына 0,12 %-ды құрады, бұл 220–500 кВ класындағы жабдық үшін үздік халықаралық практикаларға сәйкес келеді. Қазіргі уақытта 220–500 кВ кернеу класындағы жабдық үшін SF₆-ның технологиялық тұрғыдан жетілген баламалары шектеулі. Сонымен бірге Компания вакуумды технологияларға көшу жөніндегі халықаралық шешімдердің дамуын қадағалайды және «Миргалимсай» 220/110/6 кВ ҚС реконструкциясы» жобасын іске асыру кезінде кернеуі 110 кВ вакуумды ажыратқыштарды пайдалануды жоспарлайды. SF₆ шығарындыларын басқару Компанияның экологиялық менеджмент жүйесі мен климаттық стратегиясына интеграцияланған. Компания SF₆ пайдаланумен байланысты тәуекелдерді басқаруға жүйелі тәсілді іске асырады, оның ішінде:

  • ағуларды тұрақты мониторингтеу мен газды түгендеу;
  • инвестициялық бағдарлама шеңберінде жабдықты жаңғырту;
  • вакуумды ажыратқыштарды орнату арқылы 35 кВ тарату жабдығында элегаз пайдалануды азайту.

Scope 2 парниктік газдарының жанама шығарындыларының негізгі көлемі Компанияның Ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру кезіндегі технологиялық шығындарды өтеу үшін сатып алатын электр энергиясын тұтынумен байланысты. Мұндай шығындардың туындауы магистральдық электр желілерінің жұмыс істеуінің объективті ерекшелігі болып табылады және электр энергиясын үлкен қашықтыққа берудің физикалық сипаттамаларымен, сондай-ақ энергожүйенің жұмыс режимдерімен, электр беру желілерінің конфигурациясы мен ұзындығымен, электр энергиясы ауысымдарының көлемдерімен және климаттық жағдайлармен айқындалады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Scope 2 жанама шығарындылары 2 382 629 тонна CO₂-эквивалентті құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 25 442 тоннаға (1 %) артты. Көрсеткіштің динамикасы негізінен 2025 жылы 123 110,9 млн кВт·сағ-қа жеткен, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,4 %-ға артқан Қазақстан Республикасындағы электр энергиясын өндірудің өсуімен байланысты. Генерация көлемдерінің өсуі және энергожүйедегі жүктемелер мен ауысымдардың тиісінше артуы Компанияның электр энергиясын желі бойынша беру кезіндегі технологиялық шығындарды өтеу үшін сатып алатын электр энергиясы көлемінің артуын негіздеді.

Scope 2 шығарындыларын есептеу Бірыңғай сатып алушыда отын түрлері бойынша электр энергиясын өндіру құрылымы туралы деректерді пайдалана отырып, market-based әдістемесі бойынша жүзеге асырылады (34-кестені қараңыз). Бұл тәсіл сатып алынатын электр энергиясының көміртек қарқындылығын неғұрлым дұрыс ескеруге мүмкіндік береді және «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобында қолданылатын бірыңғай әдіснамалық қағидаттарға, сондай-ақ климаттық ақпаратты ашудың халықаралық практикасына сәйкес келеді.

Жүйелік факторлардың әсеріне қарамастан, Компания энергия тиімділігін арттыруға және технологиялық шығындарды төмендетуге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асырады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмыс режимдерін оңтайландыру, желілік инфрақұрылымды жаңғырту және 2021–2025 жылдарға арналған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру жүзеге асырылады, бұл меншікті және шаруашылық қажеттіліктерге энергия тұтынудың өсуін шектеуге ықпал етеді.

Scope 1 және Scope 2 санаттары бойынша парниктік газдардың жиынтық шығарындылары 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2 393 354 тонна CO₂-эквивалентті құрап, 2022 және 2023 жылдардың деңгейінен төмен болып қалды, бұл елдегі электр энергиясын өндіру көлемдерінің өсуі мен энергожүйедегі жүктемелердің артуы аясында Компания қызметінің көміртек қарқындылығының біртіндеп төмендеуін көрсетеді.

GRI 305-4

2022–2025 жж. ПГ шығарындыларының қарқындылығы

2022 2023 2024 2025
Парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі (Scope 1 және Scope 2), т СО2-экв. 2 701 075 2 535 319 2 370 678 2 393 354
Түсім сомасы, мың теңге 217 255 600 252 136 383 319 905 932 397 736 712
Парниктік газдар шығарындыларының жиынтық қарқындылығы (Scope 1 және Scope 2), т СО2-экв/мың теңге 0,012 0,010 0,0074 0,0060

Есепті жылы парниктік газдар шығарындыларының жиынтық қарқындылығы (Scope 1 және Scope 2), т СО2-экв/мың теңге 0,0060 құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 19 %-ға төмендеді, бұл электр энергиясын беру көлемінің ұлғаюымен байланысты.

GRI 305-5

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру нәтижесінде парниктік газдар шығарындыларын қысқарту

2022 2023 2024 2025
Парниктік газдар шығарындыларын төмендету, тонна СО2-экв 3 133,11 8 648,94 9 045,42 8 980,43

Парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға әкелген іс-шаралар Scope 2 санатына жатады және электр- және жылу энергиясын тұтынуды қысқарту жөніндегі шараларды қамтыды. Парниктік газдар шығарындыларының төмендеуін есептеу кезінде 2025 жылғы парниктік газдар шығарындыларын есептеу кезіндегідей әдіснама, стандарттар пайдаланылды, сол газдар енгізілді, сол базалық жыл таңдалды.

Климаттың өзгеруі саласындағы нысаналы көрсеткіштер

«KEGOC» АҚ 2021 жылы бекітілген Төмен көміртекті даму бағдарламасы шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын төмендету жөніндегі сандық өлшенетін мақсаттарды белгіледі. Компанияның климаттық мақсаттары үшін базалық жыл болып 2021 жыл айқындалды. Бұл ретте 2022 жыл Компанияда парниктік газдар шығарындылары жөніндегі верификацияланған корпоративтік есептілік үшін базалық жыл ретінде қарастырылады. Компанияның нысаналы бағдарлары Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын және «KEGOC» АҚ-ның ЖЭК-ті интеграциялау, энергожүйенің икемділігін арттыру және төмен көміртекті энергетиканы дамыту үшін инфрақұрылымдық жағдайларды қамтамасыз ететін жүйелік оператор және Ұлттық электр желісінің операторы ретіндегі рөлін ескере отырып қалыптастырылды.

Парниктік газдар шығарындыларын қысқартудың нысаналы көрсеткіштері

Көрсеткіш Мақсатты жыл Мақсатты мән
Scope 1 2031 Scope 1-ді 3 %-ға төмендету
Scope 2 сатып алынатын энергия құрылымындағы «жасыл» электр энергиясы үлесін 20 % деңгейіне жеткізу
Scope 1 2060 Scope 1-ді 58 %-ға төмендету
Scope 2 Scope 2-ні 100 %-ға төмендету

Scope 1 мақсаттарына қол жеткізу іштен жану қозғалтқышы (ІЖҚ) бар автокөлікті электромобильдер мен LPG (сұйытылған мұнай газы) қамтитын төмен көміртекті отын түрлерін пайдаланатын көлік құралдарына кезең-кезеңімен ауыстыру есебінен жоспарлануда.

Scope 2 бөлігінде Компания төмен көміртекті дамудың негізгі бағыттары ретінде ЖЭК-ті Қазақстан Республикасының энергожүйесіне интеграциялау мүмкіндіктерін кеңейтуді, желілік инфрақұрылымды дамытуды, энергожүйенің икемділігі мен тұрақтылығын арттыруды, Ұлттық электр желісіндегі электр энергиясының технологиялық шығындарын қысқартуды және жабдықтың энергия тиімділігін арттыруды қарастырады.

Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін «KEGOC» АҚ әуе электр беру желілері мен қосалқы станция жабдығын жаңғырту, трансформаторларды неғұрлым энергия тиімді модельдерге ауыстыру, Smart Grid интеллектуалды энергожүйесін дамыту, WAMS, WACS, CSPA цифрлық шешімдерін енгізу және SCADA/EMS-ті жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асырады.

Компания сондай-ақ энергожүйенің икемділігін арттыруға және ЖЭК-ті одан әрі интеграциялауға бағытталған электр энергиясын жинақтау жүйелерін (ЭЭЖЖ) енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асырады.

Қосымша энергожүйенің режимдерін оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде реактивті қуат ағындарын реттеу, ағынды бөлуді оңтайландыру және желі түйіндерінде кернеудің оңтайлы деңгейлерін қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру Компания тарапынан электр энергиясының технологиялық шығындарын төмендету және төмен көміртекті дамуды қолдау құралдарының бірі ретінде қарастырылады.

Компанияның ұзақ мерзімді пайымы парниктік газдардың тікелей және жанама шығарындыларын кезең-кезеңімен азайтуды, ЖЭК-ті (жаңартылатын энергия көздерін) интеграциялау үшін инфрақұрылымды дамытуды, энергия тиімділігін арттыруды және төмен көміртекті технологияларды енгізуді қамтиды.

Компанияның төмен көміртекті дамуға бағытталған іс-шаралары «KEGOC» АҚ-ның Төмен көміртекті даму бағдарламасы, Климаттық бағдарлама және Utilities for Net Zero Alliance (UNEZA) халықаралық бастамасына қатысу аясында жүзеге асырылады.

Төмен көміртекті даму бағдарламаларын іске асырумен қатар «KEGOC» АҚ IRENA мен БҰҰ Климаттық чемпиондарының қолдауымен Дубайдағы COP28-де ресми түрде іске қосылған Utilities for Net Zero Alliance (UNEZA) жаһандық бастамасына қосылды. Альянс энергетикалық ауысуды жеделдету және көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мақсатында әлемнің жетекші энергетикалық компанияларын біріктіреді. UNEZA шеңберінде «KEGOC» АҚ ЖЭК-ті интеграциялауға дайын желілерді дамытуға, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға және төмен көміртекті даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдеседі. Компанияның Альянсқа қатысуы оның ұлттық көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясында және «KEGOC» АҚ-ның корпоративтік Төмен көміртекті даму бағдарламасында бекітілген климаттық мақсаттарды іске асыруға адалдығын баса көрсетеді.

«KEGOC» АҚ көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуді Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясына сәйкес Компанияны дамытудың ұзақ мерзімді стратегиялық бағыты ретінде қарастырады.

Климаттық мақсаттар Компания тарапынан ұзақ мерзімді стратегиялық дамудың элементтерінің бірі ретінде қарастырылады, және «KEGOC» АҚ технологиялық инновацияларды, саясаттағы және энергия нарығы құрылымындағы өзгерістерді ескере отырып, өз бағдарларын тұрақты түрде қайта қарауды жоспарлайды.