73%

Акционерлердің жалпы жиналысы

Акционерлердің жалпы жиналысы «KEGOC» АҚ-ның жоғары органы болып табылады. Ол өз қызметін Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңына, Жарғыға және «KEGOC» АҚ Акционерлердің жалпы жиналысы туралы ережесіне сәйкес жүзеге асырады және өз құқықтарын іске асырады.

Акционерлердің жалпы жиналысы өзінің айрықша құзыреті шеңберінде:

  • Компанияның Жарғысын, Корпоративтік басқару кодексін және өзге де негізгі ішкі құжаттарын бекітеді және оларға өзгерістер енгізеді;
  • Компанияны қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешімдер қабылдайды;
  • Директорлар кеңесі мен Басқарма Төрағасын қоса алғанда басқару органдарын қалыптастырады, олардың өкілеттік мерзімдерін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және сыйақы шарттарын айқындайды;
  • акцияларды орналастыру, шығару, айырбастау, сатып алу және делистингті қоса алғанда, акционерлік капитал мен бағалы қағаздар мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды;
  • аудиттелген қаржылық есептілікті бекітеді, аудиторлық ұйымды айқындайды және таза табысты бөлу мен дивидендтер төлеу туралы шешімдер қабылдайды;
  • ірі мәмілелерді және Компанияның өзге де заңды тұлғаларға қатысуы туралы шешімдерді мақұлдайды;
  • Акционерлердің жалпы жиналысын ұйымдастыру және өткізу тәртібін, оның ішінде күн тәртібін бекіту және акционерлерді хабардар ету тәртібін айқындайды.

Акционерлердің жалпы жиналысы сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Компанияның Жарғысымен оның құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелерді қарайды.

2025 жылы 2 (екі) Акционерлердің жалпы жиналысы өткізілді:

  1. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы 2025 жылғы 28 сәуірде өткізілді. Онда мынадай мәселелер бойынша шешімдер қабылданды:
  • «2024 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл үшін «KEGOC» АҚ қаржылық есептілігін, таза табысты бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және «KEGOC» АҚ-ның 2024 жылдың екінші жартыжылдығы үшін бір жай акцияға шаққандағы дивидендтер мөлшерін бекіту туралы»;
  • «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің құрамын өзгерту туралы»;
  • «Акционерлердің «KEGOC» АҚ-ның және оның лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне өтініштері және оларды қарау қорытындылары туралы»;
  • «Есеп комиссиясының сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау және оның мүшелерін сайлау туралы»;
  • «2025 жыл үшін «KEGOC» АҚ Тобының қаржылық есептілігіне аудит жүргізетін аудиторлық ұйымды және оның қызметтеріне ақы төлеу мөлшерін айқындау туралы».
  1. Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы 2025 жылғы 20 қазанда өткізілді. Онда мынадай мәселелер бойынша шешімдер қабылданды:
  • «KEGOC» АҚ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
  • «2025 жылғы 30 маусымда аяқталған алты ай үшін «KEGOC» АҚ қаржылық есептілігін, таза табысты бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және «KEGOC» АҚ-ның 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшерін бекіту туралы».

Миноритарлық акционерлердің құқықтары

Компанияда корпоративтік басқару барлық акционерлерге тең құқықтар мен әділ қарауды, сондай-ақ басқару жүйесінің айқындылығы мен есеп берушілігін қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастырылған.

Акционерлердің құқықтары, міндеттері мен құзыреттері тең болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына, Компанияның Жарғысына және ішкі құжаттарға сәйкес айқындалады.

Компания акционерлердің құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етеді, олардың қатарына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

  • негізделген шешімдер қабылдау үшін жеткілікті ақпаратты заңнама талаптары мен Компанияның ішкі құжаттарына сәйкес барлық акционерлер үшін уақтылы және тең ашу;
  • акционерлердің Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуы және оның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша дауыс беруі, оның ішінде сенімхат бойынша өкілдер арқылы қатысу мүмкіндігі;
  • Компанияның басқару органдарын қалыптастыруға қатысу, оның ішінде Директорлар кеңесі мүшелерін сайлау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, Директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімдерін және сыйақы шарттарын айқындау;
  • ашық және дәйекті дивидендтік саясат негізінде Акционерлердің жалпы жиналысының шешімдерімен айқындалатын мөлшерлер мен мерзімдерде дивидендтер алу;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасында, Компанияның Жарғысында және ішкі құжаттарында көзделген өзге де құқықтарды, оның ішінде акцияларды бірлесіп сату құқығын іске асыру.