Ішкі аудит қызметі
Ішкі аудит қызметінің миссиясы Компанияның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу бойынша өз міндеттерін орындауда Директорлар кеңесі мен атқарушы органға қажетті жәрдем көрсету болып табылады. Ішкі аудит қызметі қызметінің негізгі мақсаты – тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару жүйелерін жетілдіруге жүйелі тәсілді енгізу арқылы Компанияны тиімді басқаруды қамтамасыз етуге арналған тәуелсіз және объективті ақпаратты Директорлар кеңесіне ұсыну.
2025 жыл ішінде Ішкі аудит қызметінің қызметі мынадай құжаттармен регламенттелді:
- Ішкі аудиттің халықаралық кәсіби стандарттары;
- Ішкі аудиторлар институтының Әдеп кодексі;
- «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесі бекіткен «KEGOC» АҚ Ішкі аудит қызметі туралы ереже;
- «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесі бекіткен «KEGOC» АҚ-да ішкі аудитті ұйымдастыру қағидалары;
- «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы бекіткен Қызмет жұмыскерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары.
Барлық аудиторлық тапсырмалар Қызметтің миссиясы мен негізгі қызмет мақсатын ескере отырып жоспарланды. Ішкі аудитті жоспарлау кезінде тәуекелге бағдарланған тәсіл қолданылды, яғни жоспарға енгізу кезінде теріс оқиғалардың туындауына неғұрлым бейім бизнес-процестерге басымдық берілді.
Ішкі аудит қызметінің 2025 жылға арналған жылдық аудиторлық жоспары «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілді. Жоспарда 17 тапсырманы орындау көзделді.
Қызмет 2025 жылға арналған жылдық аудиторлық жоспарға сәйкес орындаған аудиторлық тапсырмалардың тақырыбы алты филиалды кешенді тексеруді, «KEGOC» АҚ басшы және басқарушы жұмыскерлерінің 2024 жылға арналған ҚНК нақты мәндерінің, сондай-ақ ұзақ мерзімді ҚНК аудитін, сатып алу қызметінің аудитін, «KEGOC» АҚ желілеріндегі электр энергиясы шығындарының аудитін, жүйелік қызметтер көрсетуден түсетін кірістер есебін талдауды, ақпараттық жүйелер мен киберқауіпсіздік аудитін, инвестициялық қызмет аудитін, «KEGOC» АҚ-ның жекелеген ESG-көрсеткіштерінің аудитін, «KEGOC» АҚ тәуекелдерді басқару жүйесі мен ішкі бақылау жүйесінің аудитін қамтыды.
«Синергетикалық аудит немесе Қордың Ішкі аудит қызметінің сұрауын орындау» аудиторлық тапсырмасы шеңберінде мынадай аудиторлық тапсырмалар орындалды:
- «KEGOC» АҚ-да 2023–2024 жылдардағы қызметтік іссапарлар мен өкілдік мақсаттарға арналған шығыстардың негізділігіне және бекітілген нормативтердің сақталуына аудит.
- «KEGOC» АҚ-да 2023–2025 жылдардағы «Бизнес-жоспарлау» функциясының тиімділігіне аудит.
- Адами ресурстарды басқару жүйесіне кешенді аудит.
- Тариф белгілеу процесінің аудиті.
Барлық тапсырмалар орындалды, Компания қызметіне әсер етуі мүмкін елеулі сәйкессіздіктер анықталған жоқ.
2025 жылы орындалған аудиторлық тапсырмалардың нәтижелері бойынша Қызмет анықталған сәйкессіздіктерді жою жөніндегі тиісті ұсынымдарды ұсынды. Аудит объектілері Қызметпен бірлесіп түзету іс-қимылдарының жоспарларын әзірледі. Қызмет берілген ұсынымдардың орындалуына тоқсан сайын мониторинг жүргізеді.