73%

Компания құрылымы

GRI 2-6

«KEGOC» АҚ ұйымдық құрылымы атқарылатын жүйелік функцияларды ескере отырып қалыптастырылған және Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесін басқару мен пайдаланудың барлық негізгі элементтерін қамтиды.

Компания құрылымына елдің тиісті өңірлерінде Ұлттық электр желісін пайдалану мен дамытуды жүзеге асыратын 9 «Жүйеаралық электр желілері» (ЖЭТ) филиалы, сондай-ақ «Жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы» (ЖО ҰДО) филиалы кіреді.

«ҰДО ЖО» филиалы Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесін орталықтандырылған диспетчерлік басқаруды, оның ішінде жұмыс режимдерін жедел жоспарлауды, электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді, сондай-ақ электр энергетикалық нарық қатысушыларының жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының БЭЖ орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруы тоғыз өңірлік диспетчерлік орталықтың (ӨДО) ҰДО ЖО-ға тікелей жедел бағынуы схемасы бойынша ұйымдастырылған. Өңірлік диспетчерлік орталықтар «KEGOC» АҚ «ЖЭТ» филиалдарының құрылымдық бөлімшелері болып табылады және энергожүйелердің жұмыс режимдерін өңірлік деңгейде басқаруды қамтамасыз етеді.

«KEGOC» АҚ сондай-ақ еншілес компания – «Энергоинформ» АҚ-ның жалғыз акционері болып табылады. «Энергоинформ» АҚ-ның миссиясы озық технологиялар мен үздік халықаралық тәжірибелерді пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінің ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымының сенімді жұмысын және тиімді дамуын қамтамасыз етуден тұрады. Компанияның негізгі қызмет түрі – «KEGOC» АҚ-ның ақпараттық-телекоммуникациялық кешеніне қызмет көрсету, оның ішінде электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйелері (ЭЭКЕАЖ), диспетчерлік басқару жүйелері (SCADA), теңгерімдеуші энергия нарығының жүйелері (ЭТНЖ), басқарудың ақпараттық жүйелері (БАЖ), жоғары жиілікті және радиорелелік байланыс (ЖЖ, РРБ), қызметтік байланыс пен дабыл жүйелері (БДЖ), кепілдендірілген қоректендіру жүйелері (КҚЖ), автоматты телефон станциялары (АТС), талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ), бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ корпоративтік IT-сервистер.

Сонымен қатар «KEGOC» АҚ «Батыс транзит» АҚ компаниясының 20 % акциясына иелік ете отырып, оның акционері болып табылады. «Батыс транзит» АҚ елдің батыс өңірлерінің энергожүйесін электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен өткізу қабілетін арттыруға бағытталған «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы өңіраралық электр беру желісін салу» стратегиялық инфрақұрылымдық жобасын іске асыру үшін 2005 жылы құрылды.

Тұрақты энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен стратегиялық бастамаларды дамыту шеңберінде «KEGOC» АҚ бірлескен компания – «Green Corridor Alliance» ЖШС қызметіне қатысады.

«Green Corridor Alliance» ЖШС трансшекаралық «жасыл» энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін интеграциялауға, мемлекетаралық электр желілерін дамытуға және өңір елдері арасында тұрақты энергетикалық дәліздерді қалыптастыруға бағытталған жобаларды іске асыру және үйлестіру үшін құрылды. Компания декарбонизация және энергетикалық ауысу жөніндегі халықаралық бастамалар шеңберінде жүйелік операторлардың, энергетикалық компаниялар мен инвесторлардың өзара іс-қимылы үшін институционалдық платформа ретінде әрекет етеді.

«Green Corridor Alliance» ЖШС қызметі мыналарға бағытталған:

  • мемлекетаралық электр қосылыстарын дамыту мен пайдалануға жәрдемдесу;
  • «жасыл» электр энергиясын экспорттау мен транзиттеу үшін жағдай жасау;
  • трансшекаралық энергетикалық жобаларды іске асырудың техникалық, реттеуші және инвестициялық аспектілеріне бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру;
  • тұрақты энергетика жобаларына халықаралық қаржы институттары мен стратегиялық серіктестерді тарту.

«KEGOC» АҚ-ның «Green Corridor Alliance» ЖШС-ке қатысуы Компанияның энергожүйелердің халықаралық интеграциясын дамыту, Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыру жөніндегі стратегиялық басымдықтарына сәйкес келеді, сондай-ақ декарбонизация мен төмен көміртекті экономикаға көшу саласындағы ұзақ мерзімді мақсаттарды қолдайды.