73%

Еңбекті қорғау

GRI 2-12, GRI 2-13

2025 жылғы негізгі көрсеткіштер

Еңбекке жарамсыздыққа әкелген жарақаттану коэффициенті (LTIFR)

0,57

Өліммен аяқталған жарақаттану коэффициенті (FAR, FR)

57,50

Жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) саны

1

Өрт саны

0

Авариялар саны

1

Жүйелердің жалпы қолжетімділік деңгейі (GA)

99,99986 %

Еңбекті қорғауға арналған шығыстар көлемі

3,92941

млрд теңге

БҰҰ ТДМ-ге қосқан үлес

ЕҚ және ӨҚ саласындағы негізгі құжаттар

  • «KEGOC» АҚ-ның 2023–2032 жж. Даму жоспары (Стратегиясы)
  • Тұрақты даму саласындағы басқару жүйесі жөніндегі нұсқаулық
  • Еңбекті қорғау саласындағы саясат
  • Сапа, экология, кәсіби қауіпсіздік және денсаулықты қорғау саласындағы мақсаттар
  • Қауіптер мен тәуекелдер тізілімі
  • Денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету менеджменті жүйесі жөніндегі нұсқаулық
  • Кәсіби қауіпсіздік пен еңбекті қорғау менеджменті жүйесін жоспарлауды басқару жөніндегі стандарт
  • Мінез-құлық аудиті жөніндегі стандарт
  • Жұмыстарды мердігер ұйымдар орындаған кездегі қауіпсіздікті басқару жөніндегі стандарт
  • Оқиғаларды, инциденттерді тергеу және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі есептілікті ұсыну қағидалары
  • Биіктікте жұмыстарды орындау кезіндегі еңбекті қорғау қағидалары

GRI 2-24, GRI 403-1, GRI 403-8

«KEGOC» АҚ еңбек қауіпсіздігі мен жұмыскерлердің денсаулығын сақтауды сөзсіз басымдық ретінде қарастырады. Компанияда еңбектің қауіпсіз жағдайларын жасау, өндірістік жарақаттануды төмендету, санитарлық-тұрмыстық жағдайларды жақсарту және зиянды факторлардың жұмыскерлерге әсерін барынша азайту жөніндегі жүйелі жұмыс жүргізіледі.

Компанияда ISO 45001 негізінде Еңбек қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау менеджменті жүйесі (ЕҚжДҚМЖ) енгізілді әрі табысты жұмыс істейді, ол Компанияның біріктірілген менеджмент жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және барлық құрылымдық бөлімшелердің, Компанияның ЕҰ-ның және оның мердігерлерінің қызметіне таратылады. ЕҚжДҚМЖ-ның қолданылу аясы – электр энергетикасы саласында жүйелік оператор функцияларын орындау: электр энергиясының көтерме нарығы субъектілеріне ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлеу және электр энергиясын өндіру – тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі жүйелік қызметтерді көрсету.

«KEGOC» АҚ ЕҚжДҚМЖ-ның сәйкестігін растау мақсатында 2023 жылы тәуелсіз сертификаттау органы «MS CERTIFICATION SERVICES PRIVATE LIMITED» (Үндістан) сертификаттау аудитін, 2025 жылы – қадағалау аудитін жүргізді, олар ЕҚжДҚМЖ-ның халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкестігін растады.

Жыл сайын қажетті іс-шараларды, шығындар мен оларды орындау мерзімдерін айқындайтын еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы бағдарлама қалыптастырылады. Компания ISO 45001:2018 халықаралық стандартына сәйкестікті табысты енгізді әрі сертификаттаудан өтті.

GRI 403-3

Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес Компанияда жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарумен байланысты жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүзеге асырылады. Қосымша жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын еңбек қызметімен байланысты емес жазатайым оқиғалардан тәулік бойы сақтандыру (24/7), сондай-ақ ауырған жағдайда ерікті медициналық сақтандыру көзделген.

Әрбір филиалда Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік қызметтері құрылған, олардың міндеттері – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүргізу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауын бақылау және т.б.

GRI 403-2, GRI 403-3, GRI 403-4

Еңбекті қорғау саласында жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында тиімді диалогты қамтамасыз ету үшін «KEGOC» АҚ-да және оның филиалдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған. Кеңестер екі тараптың да өкілдерінің қатысуымен паритеттік негізде жұмыс істейді және жұмыс орындарында еңбектің қауіпсіз жағдайларын және денсаулықты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерді біріктіруге бағытталған.

Тағайындалған техникалық инспекторлар еңбек жағдайларының, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін тұрақты тексеруге қатысады. Компанияның барлық жұмыскерлерінде ықтимал қауіпті жағдайлар немесе әрекеттер анықталған кезде жұмыстарды тоқтата тұру міндеті ғана емес, құқығы да бар.

Компания басшылығы жұмыскерлер қауіпсіз емес жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған жағдайда оларды толық қолдауға кепілдік береді. Тоқсанына кемінде бір рет Өндірістік кеңестер жұмыскерлердің еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі ұсыныстарын қарайды, оның нәтижелері бойынша жұмыс беруші де, жұмыскерлер де орындауға міндетті іс-шаралар әзірленеді.


Тәуекелдерді бағалау

GRI 403-2, GRI 403-7, GRI 403-10

«KEGOC» АҚ-да жыл сайын жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекелдер сәйкестендіріліп, бағаланады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша тәуекелдер тізілімі, денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы елеулі тәуекелдер тізбесі қалыптастырылады, сондай-ақ оларды төмендету жөніндегі іс-шаралар әзірленеді.

Тәуекелдерді талдау олардың туындау ықтималдығы мен ықтимал салдарларын ескере отырып жүзеге асырылады. Компанияның қызметіне және оның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге теріс әсер етуі мүмкін негізгі тәуекелдер айқындалады. Ерекшелігіне байланысты бағалау кезінде сапалық, сандық әдістер немесе олардың комбинациясы қолданылады.

Қауіптер мен тәуекелдерді бағалау мен талдау, сондай-ақ оларды басқару кәсіби қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау менеджменті саласында мақсаттар қою және өндірістік-шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға және «KEGOC» АҚ жұмыскерлеріне қолайлы әсер ету деңгейіне қол жеткізу үшін жүзеге асырылады.

Қауіптер мен тәуекелдерді бағалау мен талдау нәтижелері нысаналы және жоспарлы көрсеткіштерді әзірлеу үшін кіріс деректер болып табылады. Қауіптер мен тәуекелдерді бағалау мен талдау географиялық жерді және климатты ескере отырып, «KEGOC» АҚ қызметіне қолданылатын қызмет түрлерінің, қауіптердің сыныптауыштары негізінде жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:

  • жіктеуіштер негізінде қауіптер мен тәуекелдерді сәйкестендіру;
  • орнындағы қолданыстағы басқару шараларымен тәуекелдерді бағалау;
  • тәуекелдерді басқару жөніндегі барлық қажетті қосымша шараларды айқындау;
  • тәуекелдерді басқару шараларының тәуекелді рұқсат етілген деңгейге дейін төмендету үшін жеткілікті екенін бағалау.

Құрылымдық бөлімшелердің жұмыс орындары ұшырайтын әсер ету факторларын сәйкестендіруді жүргізгеннен кейін FMEA әдісін пайдалана отырып тәуекелдер тізілімі толтырылады. Бағалау нәтижелері бойынша «KEGOC» АҚ бойынша кәсіби қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау саласындағы елеулі тәуекелдердің тізбелері қалыптастырылады. Тәуекелдер деңгейін төмендету үшін қажетті іс-шаралар айқындалады, олар жыл сайынғы бағдарламалар түрінде ресімделеді.

Компания қызметі үшін негізгі тәуекелдердің бірі – еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғаның туындау тәуекелі.

Бұл тәуекелді барынша азайту мақсатында 2025 жылы мынадай іс-шаралар жүргізілді:

  • еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын білуді біліктілік тексерулері;
  • жедел ажыратып-қосулар мен жөндеу жұмыстарын жүргізу процесін бейнетіркеу материалдарын талдау;
  • техника қауіпсіздігі күндері;
  • ЖЭТ филиалдарында жұмыс орындарын кенеттен тексеру;
  • жұмыс орнында жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздіктің мінез-құлық аудиттері;
  • жерсеріктік бақылау жүйелері арқылы және бейнетіркегіштердің жазбаларын қарау арқылы жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауын бақылау және т.б.;
  • «STOP ЖКО» науқаны бетпе-бет соқтығысу тренажер-имитаторын көрсете отырып және Компания жұмыскерлерін онда оқыта отырып жүргізіледі;
  • «Қауіпсіз көлік жүргізу мәдениетін» арттыру және көлік құралдарын жүргізушілердің жол қозғалысы қағидаларын сақтауы үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып «Online-бейнемониторинг» ақпараттық жүйесі қолданылады;
  • қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында ішкі тренерлерді тарта отырып, 3 765 жұмыскерге «Қауіпсіз еңбек мәдениеті» курсы бойынша оқыту жүргізілді;
  • еңбекті қорғау саласындағы озық әлемдік практикаларды енгізу үшін 10 жұмыскер «NEBOSH IGC» курсы бойынша оқудан өтті;
  • көлік жүргізу мәдениетін арттыру мақсатында 157 жүргізуші «ROSPA» курсы бойынша «Қауіпсіз көлік жүргізу» оқуынан өтті;
  • 16 058 қауіпсіздіктің мінез-құлық аудиті жүргізілді;
  • ЖЭТ филиалдарының барлық объектілерінде 12 Техника қауіпсіздігі күні өткізілді;
  • 2027 аварияға қарсы және 1 825 өртке қарсы жаттығу жүргізілді;
  • жұмыскерлердің пікірі бойынша қауіпсіз емес жұмысты тоқтату құқығы – STOP-карта 1044 рет қолданылды;
  • Компания жұмыскерлері кемінде үш жылда бір рет еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі міндетті оқудың барлық түрлерінен, электр энергетикасы саласындағы нормативтік актілерді білуді біліктілік тексерулерінен өтеді. «KIOSH 2025» еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі конференцияларға қатысылды. Бөгде ұйымдардың еңбек қауіпсіздігі саласындағы тәжірибелі мамандарын тарта отырып, еңбектің қауіпсіз жағдайларын жасауға жауапты жұмыскерлердің қатысуымен Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі форум өткізілді.

GRI 403-5

Жұмысқа жіберілгенге дейін жұмыскерлер жұмыстарды жүргізудің қауіпсіз әдістеріне оқудан, жұмыс орнындағы тағылымдамадан, бастапқы біліктілік тексеруінен, бақылау жаттығуларынан, даярлауға жауапты тұлғаның қадағалауымен орындалатын жұмыс орнында дублирлеуден өтеді.

Медициналық ұйымды тарта отырып, алғашқы шұғыл көмек көрсету жөніндегі оқытулар жүргізілді.

GRI 403-2, GRI 403-3, GRI 403-10

Компанияда ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің міндетті ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексерулері, жүргізушілердің рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексерулері жүргізіледі. Сондай-ақ жұмыскерлердің денсаулығына қамқорлық жасау және аурулардың профилактикасы мақсатында өндірістік персонал Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексіне сәйкес медицина жұмыскерінің құпиясын, яғни дербес медициналық деректердің, денсаулық жай-күйінің, ауру диагнозының және Компания жұмыскерін тексеру немесе емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтердің құпиясын сақтай отырып, медициналық мекемелерде жыл сайынғы медициналық тексеруден өтеді.

2025 жылы «KEGOC» АҚ жұмыскерлері, аутстаффинг жұмыскерлері және мердігер ұйымдардың жұмыскерлері арасында кәсіби аурулар тіркелген жоқ.

Компанияда қолданыстағы еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесіне интеграцияланған төтенше жағдайларға (ТЖ) дайындықты және ден қоюды басқарудың кешенді жүйесі жұмыс істейді. Компанияда барлық құрылымдық бөлімшелер мен филиалдарға таратылатын, еңбекті қорғау жүйесіне интеграцияланған ТЖ-ға ден қою жоспары (Emergency Response Plan) бар.

ТЖ жоспарлары жұмыскерлерді қорғау үшін персоналдың өмірі мен денсаулығын сақтауға, авариялардың салдарын барынша азайтуға және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нақты регламенттелген іс-қимыл жоспарларын көздейді. Осы жоспарлар шеңберінде мыналар айқындалған:

  • өндірістік объектілерде авариялық жағдайлар туындаған кездегі персонал үшін қауіпсіздік рәсімдері, оның ішінде хабарлау, эвакуация, оқшаулау және салдарды жою тәртібі; ТЖ кезіндегі жұмыскерлердің іс-қимылдары, оның ішінде өрт, технологиялық бұзылулар, табиғи апаттар және өзге де штаттан тыс жағдайлар кезіндегі мінез-құлық алгоритмдері;
  • ТЖ кезіндегі жұмыскерлердің іс-қимылдары, оның ішінде өрт, технологиялық бұзушылықтар, табиғи апаттар және өзге де штаттан тыс жағдайлар кезіндегі мінез-құлық алгоритмдері;
  • ден қою іс-шараларын үйлестіру мен орындау үшін басшылар мен жұмыскерлер арасында жауапкершілікті бөлу.

Персоналды даярлауға ерекше назар аударылады. Компанияда жұмыскерлердің төтенше жағдайларға дұрыс әрі уақтылы ден қою дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жүйелі оқыту іс-шаралары іске асырылады.

Барлық жұмыскерлер жыл сайын ТЖ кезіндегі іс-қимылдар бойынша оқудан және жаттығулардан өтеді. Оқыту мыналарды қамтиды:

  • жұмысқа қабылданған кездегі жұмыскерлерге арналған міндетті нұсқаулықтар мен мерзімді қайталама нұсқаулықтар;
  • эвакуация жөніндегі практикалық жаттығулар және ықтимал авариялық жағдайлар сценарийлерін пысықтау;
  • жеке қорғану құралдарын қолдану мен алғашқы көмек көрсету жөніндегі нысаналы сабақтар.

Оқу дабылдары мен практикалық жаттығуларды тұрақты түрде өткізу персоналдың жоғары деңгейдегі дайындығын ұстап тұруға мүмкіндік береді және Компанияның ықтимал төтенше жағдайларға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. ТЖ-ға ден қою жөніндегі іс-шараларды еңбекті қорғау жүйесіне интеграциялау қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және әрбір жұмыскердің өнеркәсіптік әрі өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Даярлау бағдарламасы өрт-техникалық оқу-жаттығуларды, аварияға қарсы жаттығу сценарийлерін, эвакуациялық жаттығуларды қамтиды.

«KEGOC» АҚ объектілерінде төтенше жағдайлар кезінде өрт болған жағдайда дайындықты қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен өртке қарсы жаттығулар тұрақты негізде өткізіледі.

«KEGOC» АҚ-да өрт қауіпсіздігі бойынша құзыреттердің өсуіне ықпал ететін тұрақты оқыту мен кәсіби даму жүйесі жұмыс істейді. 2025 жыл ішінде өрт-техникалық минимум бойынша 161 жұмыскер оқыды. Оқыту барысында мыналар зерделенді:

  • Эвакуация кезіндегі іс-қимылдар;
  • Бастапқы өрт сөндіру құралдарын (өрт сөндіргіштер, өрт крандары) пайдалану, автоматты дабыл жүйелерінің жұмысы;
  • Жұмыскерлердің өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөніндегі міндеттері мен жауапкершілігі туралы ақпарат;
  • Заңнама, өртке қарсы режим қағидалары, бұзушылықтар үшін жауапкершілік.

Жарақаттану

GRI 403-9, SASB IF-EU-320a.1

«KEGOC» АҚ-да еңбектің қауіпсіз жағдайларын ұйымдастыру деңгейін бағалау үшін LTIFR (Lost Time Injury Frequency Rate) халықаралық индикаторы – еңбек қызметімен байланысты өлім жағдайларын (FAR және FR) қоса алғанда, еңбекке жарамсыздыққа әкелген жарақат жиілігі коэффициенті пайдаланылады.

Бұл көрсеткіш 1 миллион жұмыс істелген адам-сағатқа шаққанда тіркелген жұмыс уақытын жоғалту жағдайларының (LTI) санын көрсетеді және еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару жүйелерінің тиімділігін бағалау кезінде халықаралық практикадағы негізгі бағдар болып табылады.

2025 жылы LTIFR мәні жұмыс істелген 6 956 740 адам-сағаттың жалпы саны кезінде 0,57 құрады (2024 жылы – 0; «Энергоинформ» АҚ-ны есепке алмағанда – 0).

GRI 403-2

Оқиғалар туындаған кезде Компания жұмыскерлері оқиғаларды, инциденттерді тергеу процестерін және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі есептілікті ұсынуды регламенттейтін қағидаларды басшылыққа алады.

Компания қызметіне тән жазатайым оқиғалардың себептері мыналар болып табылады:

  • биіктіктен құлау;
  • электр жарақаты;
  • жол-көлік оқиғасы.

2025 жылы еңбек қызметімен байланысты 2 жазатайым оқиға орын алды:

28 мамырда «Алматы ЖЭТ» филиалының «Алма» 500 кВ ҚС-да жазатайым оқиға орын алды, оның нәтижесінде бір жұмыскер қаза болды. Комиссия қорытындысына сәйкес, жазатайым оқиға тасымалы жерге тұйықтағыш қысқышының босап, жұлынып кетуі салдарынан орын алға. Нәтижесінде жұмыскер тума кернеудің әсеріне түскен. Компания осыған ұқсас жағдайлардың алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралар кешенін дереу қабылдады: нормативтік талаптарды білуді кезектен тыс тексерулер жүргізілді, қосымша нұсқаулықтар ұйымдастырылды және оқиғаның түпкі себептерін анықтау үшін оқиға мән-жайларын талдау жүргізілді. Индукцияланған кернеу астында жұмыс істеу кезінде дублирлеуші тасымалданатын жерлендірулерді қолдануды қоса алғанда, жұмыстарды қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар енгізілді және тасымалданатын жерлендірулерге қойылатын техникалық талаптар қатаңдатылды.

12 желтоқсанда «Солтүстік ЖЭТ» филиалының қызметтік автокөлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды, оның нәтижесінде Компанияның үш жұмыскері қаза болды. Комиссияның қорытындысына сәйкес, жазатайым оқиға бөгде ұйымға тиесілі тіркемесі бар КамАЗ-65115 автомобилінің жүргізушісі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, қарсы қозғалыс жолағына шығып, «Солтүстік ЖЭТ» филиалының автомобилімен соқтығысуы себебінен болды. Көлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында сапарларды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды күшейту, сондай-ақ жүргізушілер мен қызметтік көлікті пайдаланатын жұмыскерлерге қосымша нұсқаулықтар жүргізу жөніндегі шаралар қабылданды.

Компания өндірістік тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруді және жол-көлік оқиғаларының туындау ықтималдығын азайтуға бағытталған алдын алу (превентивті) іс-шараларын іске асыруды жалғастырады.

«KEGOC» АҚ жұмыскерлері арасында еңбекке жарамсыздыққа әкелген жарақат жиілігі коэффициенті («Энергоинформ» АҚ-ны есепке алмағанда)

GRI 403-5, GRI 403-7, GRI 403-8, GRI 403-9, EU18

Компания еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және адам құқықтарын сақтау саласындағы талаптарды Компанияның өндірістік объектілерінде жобаларды іске асыруға және жұмыстарды орындауға тартылатын мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарға, сондай-ақ аутстаффинг ұйымдарына таратады. Тәсіл айқындылық, кемсітушілікке, мәжбүрлі және балалар еңбегіне жол бермеу, еңбектің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының заңнамасының, Компанияның ішкі нормативтік құжаттарының және халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес жұмыскерлердің құқықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген.

Мердігер ұйымдармен шарттар жасасу кезінде еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, еңбек заңнамасы және Компанияның корпоративтік стандарттарының талаптарын сақтау жөніндегі міндеттемелер енгізіледі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда шарттық жауапкершілік шараларын қолдануға дейін түзету шаралары қолданылады.

Барлық тендерлік құжаттама мен жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге арналған барлық шарттар Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Компанияның еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ішкі регламенттерін сақтау жөніндегі талаптарды қамтиды.

Мердігерлерді алдын ала біліктілік іріктеу кезеңінде жеткізушілердің бір бөлігі «Самұрық-Қазына» қоры тобының сатып алу жүйесі шеңберінде жүргізілетін алдын ала біліктілік іріктеу (АБІ) рәсімінен өтеді. Бағалау персоналды оқыту деңгейін, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуін, жарақаттану көрсеткіштерін, тәуекелдерді басқару мен инциденттерді тергеу рәсімдерінің болуын талдауды қамтиды. ЕҚжәнеӨҚ саласында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін мердігерлер сатып алу рәсімдеріне қатысуға жіберілмейді.

Жұмыстарды орындауды бастамас бұрын мердігерлердің өкілдерімен ұйымдастырушылық кеңестер ұйымдастырылады. Мердігер ұйымдардың барлық жұмыскерлері еңбекті қорғау мен өрт қауіпсіздігі жөніндегі кіріспе және нысаналы нұсқаулықтардан өтеді. Күн сайын Компания объектілеріндегі өзекті қауіпті және зиянды өндірістік факторларды түсіндіре отырып, нысаналы нұсқаулық жүргізіледі. Мердігер ұйымдардың инженерлік-техникалық персоналы үшін де «Қауіпсіз еңбек мәдениеті» курсы бойынша оқыту көзделген.

Жұмыстарды орындау процесінде еңбекті қорғау талаптарының сақталуын ішкі бақылау, оның ішінде тұрақты қауіпсіздіктің мінез-құлық аудиттері (ПАБ) және мердігерлердің осы саладағы қызметін бағалау жүзеге асырылады. Өндірістік объектілердегі жұмыстарға тартылатын мердігер және аутстаффинг ұйымдарының барлық жұмыскерлері 100 % «KEGOC» АҚ-ның денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету менеджменті жүйесімен қамтылған.

2024 және 2025 жылдары Компания объектілеріндегі жұмыспен байланысты мердігер және аутстаффинг ұйымдарының жұмыскерлері арасында жазатайым оқиғалар, оның ішінде өліммен аяқталған оқиғалар тіркелген жоқ.