73%

Тарифтік саясат

SASB IF-EU-240a.1

«KEGOC» АҚ-ның қызметі Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңымен реттеледі, оған сәйкес табиғи монополия саласына Компания көрсететін мынадай қызметтер жатады:

  • ҰЭТ желілері арқылы электр энергиясын жеткізу;
  • ҰЭТ-ты пайдалану;
  • электр энергиясын желіге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлеу;
  • электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру.

«KEGOC» АҚ құрылған сәттен бастап тарифтік саясатты іске асыру бойынша дәйекті түрде жұмыс істеп келеді және бейінді мемлекеттік органдармен әрі сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, тарифтік реттеу механизмдерін талқылау мен дамытуға белсенді қатысады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «KEGOC» АҚ-да Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне (бұдан әрі – ТМРК) табиғи монополия саласына жататын реттелетін қызметтерге тарифтерді бекітуге (қайта қарауға) өтінімдер беру бойынша жұмыс жүзеге асырылады.

Компанияның тарифтері «шығындар плюс тіркелген пайда» әдісі бойынша белгіленеді, оған сәйкес Компания белгілі бір уақыт кезеңіне тарифтерді белгілеу мақсатында операциялық және қаржылық шығыстардың тиісті бағалауларын және капитал кірістілігінің әділ нормасын негізге алады.

2013 жылы «KEGOC» АҚ тарифтердің шекті деңгейлерін бекітуге көшті. Тарифтердің шекті деңгейлерін есептеу қағидаттары жыл сайынғы тарифтерді есептеуге ұқсас, тарифтердің шекті деңгейлері бірнеше дәйекті жылға бекітілетінін қоспағанда. Тарифтердің шекті деңгейлері Компанияға өз мүмкіндіктерін ұзақ кезеңдерге жоспарлауға мүмкіндік береді, ал акционерлер Компания туралы неғұрлым толық ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады.

Қазіргі уақытта Компания ағымдағы бесжылдық тарифтік циклді (01.10.2021 – 30.09.2026 жж.) іске асыруды аяқтауда. ТМРК шешімімен (2024 жылғы 11 қыркүйектегі № 82-ОД бұйрық) «KEGOC» АҚ-ның реттелетін қызметтеріне тарифтер мен тарифтік сметалардың өзгерістері 2024 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіле отырып бекітілді. ТМРК-нің 27.03.2025 жылғы № 36-ОД бұйрығымен 2025 жылғы 1 сәуірден бастап 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі кезеңге тарифтер деңгейіне түзетулер енгізілді.

«KEGOC» АҚ өтінішінің негізінде ТМРК 03.09.2025 жылғы № 77-ОД бұйрығымен «KEGOC» АҚ-ның реттелетін қызметтеріне тарифтік сметаларды 4-реттелетін кезеңге (2024 жылғы 1 қазаннан бастап 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін) түзетуді, тариф деңгейін өзгертпей тарифтік сметалар баптары арасында қаражатты қайта бөлуді бекітті.

«KEGOC» АҚ-ның реттелетін қызметтеріне тарифтік өзгеріс

Теңге/кВт·сағ 01.10.2024–31.03.2025 ж. 01.04.2025–30.09.2025 ж. 01.10.2025–31.03.2026 ж. 01.04.2026–30.09.2026 ж.
ҰЭТ бойынша электр энергиясын беру қызметі 3,492 4,276 4,958 5,012
ҰЭТ-ті пайдалану қызметі 2,002 2,452 2,860 2,892
Электр энергиясын желіге босату және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру қызметі 0,351 0,374 0,456
Электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру қызметі 0,064 0,066 0,086

Нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес реттелетін қызметтер көрсету жөніндегі қызмет туралы жыл сайынғы есептік тыңдаулар өткізу көзделген, олардың мақсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту, тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.